Жаңалықтар

Тоқаев Ақордада Вьетнам басшысы То Ламды қарсы алды

Қазақстанға мемлекеттік сапармен Вьетнам басшысы То Лам келді / Фото: t.me/aqorda_resmi

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Ламды қарсы алды.

Алдымен  екі ел басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің әнұрандары орындалды. Салтанатты рәсімнен кейін, екі мемлекет басшысы келіссөз залына өтті.

Фото: t.me/aqorda_resmi

Сапар аясында шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өтеді. Сондай-ақ бірқатар маңызды құжатқа қол қою жоспарланған.

Жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында екі елдің сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығын дамыту перспективасы талқыланады.

Фото: t.me/aqorda_resmi

Ал 7 мамыр күні Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бас хатшысы Жеңістің 80 жылдығына орай Астанада өтетін әскери парадты тамашалайды.

Айта кетейік, 5 мамырда Вьетнам басшысы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев То Ламды елорда әуежайында қарсы алды. Ақорданың хабарлауынша, Қазақстан мен Вьетнам басшылары елорда әуежайында аз-кем әңгімелескен.