
Қазақстанда «Келешек» балаларға арналған жаңа ерікті жинақтау жүйесі жұмыс істей бастады. Бұл бағдарлама арқылы ата-аналар балаларына жоғары немесе техникалық және кәсіптік білім алуға қаражат жинай алады.
Қатысушыларға мемлекет бастапқы капитал ретінде 235 920-дан 471 840 теңгеге дейін қаражат бөледі – бұл сома баланың санатына байланысты анықталады. «Келешек» жаңа жинақтау жүйесінің қатысушысы болу үшін Отбасы банкінен «AQYL» білім беру жинақтау салымын ашу қажет.
Отбасы банкінің мәліметінше, бастапқы капиталды сақтап, оны көбейту үшін ата-аналар жыл сайын қаражат жинап отыруы тиіс.
Қатысу шарттары мен шот ашу тәртібі
Бағдарлама 0-ден 5 жасқа дейінгі барлық балаларға арналған. Қатысу үшін «AQYL» депозитін ашу қажет – оны банктің сайты арқылы, мобильді қосымшада, бөлімшеде немесе кеңесші көмегімен ашуға болады.
Депозиті барлар үшін
Егер балаңызға 2025 жылы 5 жас толатын болса, қосымша келісімге қол қою қажет. Құжат тапсыру мерзімі – бірінші жартыжылдықта туғандар үшін 30 маусымға дейін, қалғандары үшін – жылдың соңына дейін. Қаражат шотқа тамыздың соңына дейін немесе 2026 жылдың ақпанына дейін аударылады.
«Келешек» бағдарламасымен балаларға мемлекеттен қанша сома алуға болады
Бастапқы білім беру капиталы 2025 жылы 60 АЕК немесе 235 920 теңгені құрайды.
Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін бастапқы білім беру капиталы 2025 жылы 120 АЕК немесе 471 840 теңгеге тең.
Мемлекеттен 235 920 теңге бастапқы капиталды алу үшін не істеу керек?
Ол үшін 12 мамырдан бастап Отбасы банкінде «AQYL» білім беру жинақтау салымын ашу қажет.
«AQYL» депозиті бірнеше жолмен ашылады:
- Баспана маркет порталында. Ол үшін otbasybank.kz сайтындағы жеке кабинетіңізге кіріңіз, «Менің банкім» бөлімін ашып, «Депозиттерге» өту керек. Әрі қарай, «Жаңа депозит» батырмасын басып, «AQYL» салымын ашасыз;
- Отбасы банктің «Otbasy bank» мобильді қосымшасында. Ол үшін мобильді қосымшада «Менің банкім» батырмасын басып, «Жаңа депозитті ашу» қойындысына өтіп, «AQYL» депозитін таңдау керек;
- Банк бөлімшелерінде;
- Кеңесшілердің көмегімен.
«AQYL» депозитінің шарттары қандай?
Мемлекеттік көмекті сақтау үшін жыл сайын кемінде 24 АЕК көлемінде (яғни 94 368 теңге) қаражат салу қажет. Әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін бұл сома екі есе аз. Егер бұл сома салынбаса, бастапқы капитал мемлекеттік бюджетке қайтарылады.
Депозит бойынша пайыздық мөлшерлеме Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне байланысты – қазіргі кезде ол жылына кемінде 14,5%-ды құрайды. Сонымен қатар жыл сайын мемлекеттен сыйақы да қосылады – барлық балалар үшін 5%, әлеуметтік осал санаттағы балалар үшін – 7%.
Бала 18 жасқа толған соң, барлық жиналған қаражатты Қазақстанда немесе шетелде білім алу үшін пайдалануға болады. Егер оқу мемлекет есебінен төленсе, жиналған қаражатты басқа оқу түріне немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсауға рұқсат етіледі.