Жаңалықтар

Қазақстандық архитекторлар алғаш рет Дубайда биік ғимараттарды жобалады

Архитекторлар 48 және 25 қабатты болатын екі мұнараның жобасын әзірледі / Фото: INK Architects

Қазақстандық архитекторлар Біріккен Араб Әмірлгінің Дубай қаласында биік ғимараттар жобасын жасады.

Finratings.kz хабарлағандай, отандық сәулет тарихында алғаш рет қазақстандық INK Architects компаниясы Дубай қаласында екі зәулім ғимараттың жобасын әзірледі.

Azizi Milan жобасы аясында мамандар биіктігі 48 және 25 қабатты және жалпы ауданы 70 мың шаршы метрден асатын екі мұнараның жобасын әзірледі. Кешен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ең ірі тұрғын үй жобаларының біріне айналады.

«Бұл – қазақстандық сәулетшілердің ел аумағынан тыс жердегі осындай ауқымдағы алғашқы іске асырылып жатқан жобасы», – деді INK Architects компаниясының негізін қалаушы Нұрлан Камитов.

Жобаның тұсаукесері Дубайда өтті, оған 10 мыңнан астам қонақ жиналған. Қазақстандық архитекторлар кешеннің сәулеттік бөлігінің негізгі авторлары ретінде танылды. Барлық жұмыстар – концепциядан бастап BIM-құжаттама мен жұмыс сызбаларына дейін – ағылшын тілінде және халықаралық стандарттарға толық сай түрде орындалған.

Тұжырымдаманы әзірлеу мен жобалық құжаттаманы дайындауға шамамен бес ай уақыт кеткен. Жобаға INK Architects компаниясының 100 маманнан тұратын командасы атсалысты.