Air Astana Үндістанға рейстерін кестеге сәйкес орындап жатыр

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Пәкістан мен Үндістандағы жағдай елдегі рейстерге қалай әсер етті/фото: shutterstock

2025 жылдың 7 мамырына қараған түні Пәкістан мен Үндістан арасындағы жағдай шиеленісті. Үндістан армиясы Пәкістандағы нысандарды, Кашмир мен Джаммудағы аудандарды атқылады. Содан кейін Пәкістан әуе кеңістігін 48 сағатқа жабуға шешім қабылдағаны айтылды. Соған қарамастан қазақстандық Air Astana әуе компаниясы Үндістанға баратын рейстерді кестеге сәйкес орындап жатыр, деп хабарлайды KursivMedia.

Оның ішінде Дели және Мумбай қалаларына баратын рейстер кестесіне өзгеріс енбеген.

«Air Astana Үндістанға (Дели және Мумбай қалаларына) рейстерді кестеге сәйкес орындауды жалғастырып жатыр. Әуе компаниясы аймақтағы жағдайды мұқият бақылап отыр және өзгерістер болған жағдайда хабарлайды», – деп мәлімдеді Air Astana.

Әуе компания қауіпсіздіктің басты басымдығы екенін еске салып өтті.

Пәкістан мен Үндістан арасындағы жағдай

Үндістан мен Пәкістан арасы 2025 жылдың 22 сәуірінде Кашмир мен Джаммудың үндістандық аумағындағы Пахалгам туристік қаласында болған терактіден кейін күрт суып кетті. Шабуылдан 25 үнді және бір непал азаматы қаза тапты.

Үндістан билігі шабуылға Пәкістанның қатысы барын мәлімдеп, дипломаттарды елден шығарды. Исламабад мұндай ауыр айыпты жоққа шығарып, үнді әуе компаниялары үшін өзінің әуе кеңістігін жауып тастады.

«Синдур» операциясы басталғаннан кейін Пәкістан да Үндістандағы нысандарды атқылады. Әзірге оның нақты қай жерге бағытталғаны белгісіз.

Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф Үндістанның бұл әрекетін соғыс актісі деп атады. Бұл туралы ол Х әлеуметтік желісіне жазды.

«Пәкістанның осы соғыс актісіне қарсы шешімді түрде әрекет етуге толық құқығы бар. Үндістан бастаған атысқа қарымта жауап қайтарылды», – деп мәлімдеді премьер-министр.

Оның айтуынша, Үндістан Пәкістанның бес елдімекенін атқылаған. Оның үшеуі Кашмир мен Джаммуде, қалған екеуі Пенджаб провинциясында орналасқан.

Сондай-ақ оқыңыз