Биыл 10 мың бизнес бастамаға қолдау көрсетіледі

Ұлттық экономика министрлігі бизнестің жеңілдікпен қаржы алуы үшін «Даму» қоры арқылы екі жаңа қолдау құралын іске қосты. Олар кез келген ауқымдағы компанияға қаржы алуға мүмкіндік береді.
Біріншісі құны 7 млрд теңгеден басталатын ауқымды жобаға есептелген. Өнеркәсіп, энергетика, инфрақұрылым мен экспортты қоса алғанда, экономиканың негізгі салаларын қамтиды. Мемлекет қарызға кепілдік бергендіктен, бұл банк үшін тәуекелді азайтады. Осылайша бизнестің несие алуы жеңілдейді.
Екінші қолдау шағын және орта кәсіпорынға бағытталған. Құны 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларға тиесілі. Кәсіпкерлер қажетті қаржыны кепілсіз алады. Бүгінгі таңда бес банкпен келісімге қол қойылса, тағы екеуі жұмыс үстінде. Әріптестер тізімін кеңейту жұмысы жүріп жатыр.
Министрліктің хабарлауынша, бағдарламаның алғашқы нәтижесі де белгілі. Жалпы сомасы 3,3 млрд теңгеге 34 жоба қолдау тапқан. Кепілдік беру рәсімі жеңілдетіліп, екі жұмыс күні ішінде орындалады. Мұны алушы – өндіріс, көлік, білім беру секілді түрлі сала өкілі.
2025 жылдың соңына дейін 10 мың жоба қолдау табады. 2028 жылға қарай кепілдік портфелінің көлемі 1,4 трлн теңгеге жеткізіледі. Осылайша, жыл сайын бизнестің 50 мыңнан астам бастамасына қолдау көрсетіледі.