Алматыда дрондар шоуы өтеді

Алматыда 9 мамыр сағат 21:00-де Абай алаңында жарық шоуы өтеді. Оған 500-ден астам дрон қолданылады.
Көрсетілімнің басты ерекшелігі – соғыс жылдарында Қазақстанды даңққа бөлеген батырлардың бейнесі көрсетіледі. Алматы аспанында аты аңызға айналған қаһарман қыздар Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова, сондай-ақ Бауыржан Момышұлының бейнесі көрсетіледі. Заманауи технологиялар мен жарық анимациясының көмегімен олардың ерлігі мен рухын жеткізетін көріністер таныстырылады.
Дрон-шоу барысында еске алудың белгісі ретінде тырналар да көрсетіледі. Ал шоудың соңында қазақтың ою-өрнегі аясында «Жеңіс күні құтты болсын!» деген жазу пайда болады.
Ұйымдастырушылар дрон-шоуды тамашалауға бірнеше ыңғайлы алаң дайындаған. Олар: Абай алаңы, «Қазақстан» қонақ үйінің маңы, Caspian University жанындағы орын және Абай даңғылы бойындағы Назарбаев даңғылынан Достық даңғылына дейінгі аумақ.
Іс-шараны дайындау және өткізуге байланысты 9 мамыр сағат 20:30-дан 21:30-ға дейін қала орталығында автокөлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. Абай даңғылының Назарбаев даңғылынан Достық даңғылына дейінгі бөлігі, сондай-ақ Достық даңғылының Құрманғазы көшесінен Сәтбаев көшесіне дейінгі аралығында жол жабылады.
Айта кетейік, Астанада Жеңістің 80 жылдығына орай 9 мамырда мерекелік отшашу өтеді.