Астанада өтетін әскери парадты қайдан тамашалауға болады

Бүгін Астанадағы «Қазақ елі» алаңында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған Әскери парад өтеді.
Ақорда хабарлауынша, салтанатты іс-шараға елімізге мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам қатысады.
Әскери парад сағат 10:45-тен бастап елордада және барлық облыс орталығында LED-экрандар мен республикалық телеарналардан көрсетіледі. Сондай-ақ Facebook, YouTube, Telegram әлеуметтік желілеріндегі Ақорданың ресми парақшаларынан тікелей эфирде көрсетіледі деп жоспарланған.
Астана әкімдігінің хабарлауынша, 7 мамырда әскери шеруді қаладағы бірнеше жерден тамашалауға болады. Сағат 11:00-ден бастап үлкен LED экрандар арқылы шеру көрсетіледі:
– Елорда әкімдігі ғимаратының жанындағы қалалық алаңда (тікелей эфир және мерекелік концерт);
– «Астана Арена» стадионының аумағында (тікелей эфир және мерекелік концерт);
– «Astana Music Hall» автотұрақ аумағы (Құмыра) Б.Момышұлы даңғылы, 1 (тек тікелей трансляция).
Айта кетейік, бұған дейін парадқа 4 мыңнан астам әскери қызметкер, 200-ден аса әскери техника және 66 ұшақ пен тікұшақ қатысатыны айтылды. Жеңіс күніне арналған әскери шеруге бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінген. Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов мұндай ірі шаралар туралы әңгіме болғанда, оған қанша қаржы жұмсалатынынан гөрі, оның маңыздылығына мән берген жөн деп мәлімдеген.