Қостанай облысында қызмет барысында полиция подполковнигі қаза тапты

Қостанай облысында қызмет міндетін атқару кезінде полиция подполковнигі Батырсаим Зайтинов қайтыс болды. Қаралы хабарды ішкі істер министрі Ержан Сәденов әлеуметтік желідегі парақшасында жеткізді, деп хабарлайды KursivMedia.
«Қызметтік міндеттерін атқару кезінде жол апатынан қаза тапқан Қостанай облысы полиция департаментінің учаскелік полиция инспекторы, полиция подполковнигі Батырсаим Зайтиновтың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Оның есімі әріптестерінің жадында мәңгі қалады», – деп жазды Сәденов.
Ішкі істер министрлігі марқұмның отбасына қажетті қолдау көрсететіні айтылды.
Айта кетейік, 2022 жылы «Құқық қорғау қызметі туралы» (66-бап) және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» (52-бап) заңға жаңа тармақ енгізілді. Оған сәйкес, қызмет барысында қайтыс болғандардың ұл-қызына 23 жасқа толғанша қаржылай көмек беріледі және әйеліне өмір бойына жәрдемақы төленеді. Жәрдемақы көлемі – күйеуінің соңғы жалақысының 40 пайызы.