
Туризм және спорт министрлігі лицензиясы бар туроператорлар мен турагенттер тізімін жариялады. Сондай-ақ қалай қауіпсіз саяхаттауға болатыны жөнінде кеңес берді.
Ресми ақпаратқа сәйкес, «Е-лицензиялау» порталында 11 914 турагент пен 634 туроператор тіркелген.
«Саяхатшы туристік компанияларға жүгінген кезде турагенттің қызметі туралы хабарламаны және туроператордың лицензиясы бар-жоғын тексере отырып, барлық қажетті құжатты талап етуге құқылы», – деп мәлімдеді министрлік.
Туризм индустриясы комитетінің және жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарында туроператорлардың, турагенттердің, гидтердің, экскурсоводтардың және туризм нұсқаушыларының реестрі орналастырылған. Лицензияланған туроператорлар мен тіркелген турагенттердің тізімін мына жерден көруге болады.
Тұтынушыларды қорғаудың негізгі құралының бірі – туристік код. ТурКод – бұл әріптер мен сандардан тұратын бірегей код, оны тексеру арқылы турист туроператордың ұшу мен тұру шығындарын қабылдаушы тарапқа және әуе компаниясына төленгеніне көз жеткізе алады. Бұл бірегей механизм туроператордың өз міндеттемелерін орындай алмауы немесе төтенше жағдай/оқыс оқиға болған жағдайда туристердің елге қайта оралуына кепілдік береді.
Айта кетейік, бұған дейін қажылыққа визасыз барған адам күнә жасаған болып саналады деп мәлімдеген Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы қажылық жасаудың талаптары мен тәртіптерін түсіндірді.