Әлем қаруланып жатыр: Қазақстан қай тұста?

Қазақстан 2025 жылғы Global Firepower рейтингінде 57-орында тұр. Бұл – әлемдегі 145 елдің арасындағы орташа көрсеткіш. Дегенмен, кейбір бағыттарда еліміздің әскери қуаты айтарлықтай жоғары: шабуылдаушы ұшақтар флоты бойынша Қазақстан 18-орынға тұрақтаса, жауынгерлік ұшақтар бойынша 27-орында, артиллериялық қуат жағынан 29-орында. Ал тұрақты қанатты көлік флоты бойынша 37-орында, танк флоты – 43-орында.

Бұл көрсеткіштер Қазақстан Қарулы күштерінің әуе шабуылы және артиллерия бағытында жақсы дамығанын көрсетеді. Алайда танк және көлік әлеуеті жағынан әлі де бәсекелестікке толық төтеп бере алмайтын деңгейде.
Қорғаныс бюджетінің динамикасы да осы бағыттағы ұмтылыстарды растайды. 2018 жылы 516,5 млрд теңге болған жылдық бюджет көлемі 2025 жылы 1 213,4 млрд теңгеге жеткен. Бұл – 7 жыл ішінде шамамен 2,3 есе өскен деген сөз. Әсіресе 2022 жылдан бастап бюджет айтарлықтай артқан: 2021 жылы – 717,7 млрд теңге болса, 2022 жылы – 1 021,5 млрд теңге болды. Мұндай күрт өсімнің себептерінің бірі – аймақтық геосаяси тұрақсыздық пен жаһандық қауіп-қатерлердің артуы болуы мүмкін.

Доллармен есептегенде де өсім байқалады. ҚР Қаржы министрлігінің дерегі бойынша, республикалық бюджеттен қорғаныс және қауіпсіздікке бағытталған шығындар 2018 жылы 3,35 млрд долларды құраса, 2024 жылы 5,45 млрд долларға жетті. Оның ішінде қорғанысқа бөлінгені – 2,6 млрд доллар, қауіпсіздікке (қоғамдық тәртіп, ішкі істер, құқық қорғау және т.б.) – 2,84 млрд доллар.

Жалпы, соңғы жылдары қорғанысқа бөлінетін қаржының қауіпсіздік саласына қарағанда баяу өсіп жатқанын байқауға болады. 2018 жылы бұл екі бағытқа бөлінетін қаржы тең дәрежеде (шамамен 1,8-1,9 млрд доллар) болған болса, 2024 жылы қауіпсіздікке жұмсалатын қаражат қорғанысқа қарағанда едәуір артық (2,84 млрд қарсы 2,6 млрд). Бұл ішкі тұрақтылық пен құқықтық тәртіпті сақтауға басымдық берілгенін білдіреді.
Қазақстан 2025 жылы қорғанысқа 1,2 трлн теңге бөледі.
Бұл – ел тарихындағы аса ірі инвестициялардың бірі. Қарапайым адам үшін бұл жай сандар болып көрінуі мүмкін, алайда әрбір теңгенің артында қауіпсіздік, тұрақтылық және болашақ бар.
Соның ішінде 372,8 млрд теңге – Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындауға бағытталған. Бұл қаражатқа әскери техникалар мен қару-жарақтар сатып алынады, отандық қорғаныс өндірісі дамиды. Яғни, еліміздің қорғаныс жүйесі заманауи технологиямен жаңарады.
195,8 млрд теңге – Төтенше жағдайлар министрлігіне бөлінген. Бұл қаржы құтқару қызметінің дайындығына, жаңа жабдықтар мен техника алуға, табиғи апаттар мен төтенше оқиғаларға дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді.
Ал 640,3 млрд теңге – Қарулы Күштердің жауынгерлік және жұмылдыру дайындығына арналған. Сарбаздар жаттығуға, әскери базалар заманауи құралдармен жабдықталуға, офицерлердің кәсіби дайындығы күшейтілуге тиіс. Бұл – еліміздің әскери қуатын арттыру жолындағы маңызды қадам.

Қазақстанның әскери әлеуеті мен қаржылық ресурстары айтарлықтай артқанымен, жаһандық рейтингте жоғары көтерілу үшін жүйелі реформа, технологиялық жаңару және кадрлық дайындық қажет. Қазіргі жағдайда қорғаныс саласы бюджет арқылы ғана емес, тиімді басқару мен озық жабдықтау арқылы дамуға тиіс. Сонымен қатар әскери ғылым, цифрлық технологияларды қолдану, дрондар мен киберқауіпсіздік бағыттары елеулі назарды қажет етеді.
Әлем елдері қорғаныс бюджетін арттыруда
2025 жыл әлем елдері үшін қауіп пен қауіпсіздік ұғымының маңызын қайта зерделеткен кезең болды. Әсіресе геосаяси тұрақсыздық пен аймақтық шиеленістер елдердің қорғаныс саласына бөлетін қаржысын бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізді. Жалпы әлем бойынша әскери бюджет $2,2 триллионға жетіп, жаңа рекорд орнатты. Бұл көрсеткіш әскери қуатты сақтап қалуға және стратегиялық артықшылыққа ұмтылатын алпауыт мемлекеттердің шынайы бейнесін айқындап берді.
Әлемдік көшбасшылық тағы да АҚШ-тың үлесіне тиді. $895 миллиард — бұл тек бір елдің әскери қажеттілігіне арналған шығыны. Бұл бюджетпен Вашингтон жаһандық ықпалын күшейтуге және одақтастарына қауіпсіздік кепілдігін беруге бағыт алған. Қытай да қарап қалмады — $266,8 миллиардтық әскери бюджетімен екінші орынға тұрақтады. Үштікті Ресей тұйықтады: $126 миллиард. Бұл елдер арасындағы қарулану жарысы тек экономикалық күш емес, технология мен стратегия жарысына да айналып отыр.
Алып державалардан бөлек, әлемдік рейтингке енген басқа мемлекеттер — Үндістан ($75 млрд), Сауд Арабиясы ($74,76 млрд), Ұлыбритания ($71,5 млрд), Жапония ($57 млрд), Австралия ($55,7 млрд), Франция ($55 млрд) және Украина ($53,7 млрд). Соңғысының бұл тізімде болуы түсінікті — соғыс жағдайында тұрған ел үшін мұндай көлемдегі шығын өмірлік маңызға ие.

Ал енді назарымызды Орталық Азияға бұрсақ, мүлде басқа динамикаға тап боламыз. Мұнда елдердің қорғаныс бюджеті алпауыттармен салыстырғанда шағын болғанымен, өз ішкі тепе-теңдігін қалыптастырған. Аймақтағы көшбасшы — Өзбекстан. Бұл ел 2025 жылы қорғанысқа $2,8 миллиард бөлді. Мұндай белсенділік Ташкенттің аймақтағы ықпалын арттыруға және ұлттық қауіпсіздігін күшейтуге тырысқанын аңғартады.
Қазақстан екінші орында. $2 миллиардтық әскери бюджет және 110 мың әскери қызметкері бар қарулы күш — бұл елдің қорғаныс саласына стратегиялық маңыз беріп отырғанын көрсетеді. Қаражат көлемі жағынан Өзбекстаннан қалып қойғанымен, құрылымдық ұйымдасу мен кадрлық әлеует тұрғысынан Қазақстан Орталық Азиядағы ең қуатты әскери жүйеге ие деп бағаланады.
Түркіменстан $1,1 миллиард бюджетпен үшінші орында. Бұл елдің армиясы шағын болғанымен, қорғанысқа бөлінген қаржы көрші елдермен салыстырғанда біршама жоғары. Тәжікстан мен Қырғызстан болса, тиісінше $446 миллион және $222 миллионмен тізімді аяқтап тұр. Олардың қорғаныс саласындағы мүмкіндігі шектеулі болғанымен, аймақтық қауіпсіздік жүйесіне өз үлестерін қосуға тырысуда.
Осылайша, 2025 жылғы қорғаныс бюджеттерін салыстыру арқылы әлем елдерінің сыртқы саяси ұстанымдары мен қауіпсіздікке деген көзқарасын айқын көруге болады. Бірі әскери үстемдігін күшейтіп, жаһандық көшбасшылыққа ұмтылса, енді бірі — ішкі тұрақтылық пен аймақтық қауіпсіздікті басты орынға қойып отыр. Ал Қазақстан болса, бұл екі бағыттың ортасынан жол тауып, әскери қуатын сақтай отырып, бейбіт дипломатияны басымдыққа айналдыруда.