Үндістан мен Пәкістан арасында атыс жүріп жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Үндістан мен Пәкістан арасындағы жанжал ушығып барады / фото: REUTERS

7 мамырға қараған түні Үндістан армиясы Пәкістандағы нысандарды, сонымен бірге Кашмир мен Джаммудағы аудандарды атқылады. Пәкістан оған оқпен жауап беріп, үш әскери ұшақты атып түсіргенін мәлімдеді.

Исламабад кем дегенде сегіз адам қаза тапқанын хабарлады.

«Синдур» әскери операциясы

Ядролық қаруы бар көршілес екі ел қарым-қатынасы жарты ай бұрын Пахалгамдағы терактіден кейін күрт суып кетті. Оның арты қарулы қақтығысқа дейін жетті. Қазір бүкіл әлем Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ірі жанжалдың барысына көз тігіп отыр.

Сәрсенбі күні Үндістан армиясы «Пәкістандағы террористік инфрақұрылымға қарсы» бағытталған «Синдур» операциясы басталғанын жариялады. Қорғаныс министрлігінің осыған қатысты мәлімдемесін Hindustan Times басылымы тараты.

«Бірнеше уақыт бұрын Үндістан қарулы күштері «Синдур» операциясын бастады. Пәкістандағы террористік инфрақұрылымдарға, оның Кашмир мен Джаммуде басып алған аумақтарына соққы жасалды. Осы жерлерден Үндістанға террористік шабуылдар ұйымдастырылған. Барлығы тоғыз нысан атқыланды», – деп жазылған Үндістан қорғаныс министрлігінің мәлімдемесінде.

Нью-Дели Пәкістан армиясының нысандары атқыланбағанын мәлімдеп отыр.

Үндістан зымыраны мешітке түсті

Hindustan Times мәліметінше, сәрсенбі күні түнде Пәкістанның бірнеше жерінде, сонымен бірге оның Кашмирде басып алған аумақтарында қатты жарылыстар болды. Содан кейін Музаффарабадта жарық сөніп қалды дейді куәгерлер.

Үндістан жағы Пәкістанның нақты қай жерлеріне соққы жасалғаны туралы ешқандай мәлімет таратпады. Исламабад мәліметінше, көрші елдің соққысы Котли, Муридке, Бахавалпур мен Музаффарабадқа жасалған. Куәгерлердің айтуынша, Кашмирдегі ең ірі Шринагар қаласында да жарылыс болды. Бұл туралы CNN телеарнасы жазды.

Associated Press агенттігінің Пәкістан арнайы қызметіне сүйене отырып хабарлауынша, Үндістан Кашмирде Пәкістан бақылауындағы аудандарға, сонымен бірге Пенджаб провинциясына үш зымыран ұшырған. Соның бірі Бахавалпур қаласындағы мешітке түсті деп жазды агенттік. Куәгерлердің айтуынша, осы соққыдан бір бала қаза тауып, бірнеше адам жараланған. Исламабад Үндістан шабуылдарынан кем дегенде сегіз адам опат болды дейді.

Соғыс актісі деп атады

«Синдур» операциясы басталғаннан кейін Пәкістан да Үндістандағы нысандарды атқылады. Әзірге оның нақты қай жерге бағытталғаны белгісіз.

Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф Үндістанның бұл әрекетін соғыс актісі деп атады. Бұл туралы ол Х әлеуметтік желісіне жазды.

«Пәкістанның осы соғыс актісіне қарсы шешімді түрде әрекет етуге толық құқығы бар. Үндістан бастаған атысқа қарымта жауап қайтарылды», – деп мәлімдеді премьер-министр.

Оның айтуынша, Үндістан Пәкістанның бес елдімекенін атқылаған. Оның үшеуі Кашмир мен Джаммуде, қалған екеуі Пенджаб провинциясында орналасқан.

CNN телеарнасының дерегінше, Пәкістан Үндістанның үш әскери ұшағы мен бір дронын атып түсірген. Мәліметті осы елдегі лауазымы жоғары бірнеше дереккөз растаған.

Даудың басы

Үндістан мен Пәкістан арасы биыл 22 сәуірде Кашмир мен Джаммудың үндістандық аумағындағы Пахалгам туристік қаласында болған терактіден кейін күрт суып кетті. Шабуылдан 25 үнді және бір непал азаматы қаза тапты.

Үндістан билігі шабуылға Пәкістанның қатысы барын мәлімдеп, дипломаттарды елден шығарды. Исламабад мұндай ауыр айыпты жоққа шығарып, үнді әуе компаниялары үшін өзінің әуе кеңістігін жауып тастады.

Екі ел арасындағы Кашмир мен Джамму үшін талас 1947 жылы Үндістан мен Пәкістан екіге бөлініп шыққалы жалғасып келеді. Мұнда мұсылмандар мен индуизм дінін ұстанушылар жиі жанжалдасып қалады.

Сондай-ақ оқыңыз