Журналист Диас Ахметшәріп комаға түсті

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Диас Ахметшәріп комаға түсті/фото: gov.kz

Қазақстандық журналист Диас Ахметшәріп инсульт алып, комаға түсті. Қазір Маңғыстау облыстық ауруханасында жатыр. Бұл туралы жергілікті журналист Гүлмира Әбішева Facebook парақшасында жазды.

«Астана, Алматыдағы әріптестеріміз жекеме хабарласып, белгілі журналист Диас Ахметшәріптің жағдайына алаңдаушылық білдіріп жатыр екен. Әріптесіміздің денсаулығы Маңғыстау дәрігерлерінің бақылауында. Ақтауға іссапармен келген Диас инсульт алып, комаға түсті. Бүгін 6-күн», – деп жазды Әбішева.

Айтуынша, Ахметшәріп қазір ауруханада ауыр жағдайда жатыр.

«Жағдайы ауыр. Миына қан құйылған. Дәрігерлер бар мүмкіндікті жасап жатыр. Бүгін Астанадан нейрохирург мамандар қосымша көмекке келеді», – деді ол.

Айта кетейік, Диас Ахметшәріп – «Қазспорт» мемлекеттік телеарнасының тұңғыш директоры, әр жылдары «Хабар» агенттігі мен «Қазақстан» телеарнасында тілші болған.

Ал коронавирус пандемиясы тұсында Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі қызметін атқарды.

2023 жылы Туризм және спорт министрінің қоғаммен байланыс және БАҚ жөніндегі кеңесшісі қызметіне тағайындалған.

Сондай-ақ оқыңыз