Бұрынғы вице-министр Ерлан Қожағапанов ісінде жарыссөз кейінге қалды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Ерлан Қожағапанов жарыссөзде не айтты/коллаж kursiv.media

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановтың ісі қаралып жатыр. Қылмыстық іс бойынша жарыссөз 2025 жылдың 12 мамырында жалғасатын болды, деп хабарлайды KursivMedia.

Алайда бүгінге жоспарланған сот отырысының не себепті кейінге қалғаны айтылмады.

Ерлан Қожағапанов «SUCCESS K» стратегиялық коммуникациялар агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзовамен бірге 2018 жылы Петропавлда Қазақстан мен Ресейдің 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумы көрмесін ұйымдастыру кезінде 1 млрд теңгені жымқырды деп айыпталған.

7 жылға соттауды сұрады

Бұған дейінгі сот отырысында іс бойынша мемлекеттік айыптаушы Ерлан  Қожағапановты Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп тауып, 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұл бапта ауыр салдарға алып келген лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану әрекеті көрсетілген. Заңда азаматтың осы әрекетті жасағаны дәлелденсе, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылатыны көрсетілген.

Ал Ләззат Көккөзова Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша айыпталып отыр. Мұнда аса iрi мөлшерде жасалған сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу әрекеті көрсетілген. Прокурор Көккөзованы 8 жылға соттауды сұрады.

Ерлан Қожағапанов ісі

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ерлан Қожағапановты 2024 жылдың наурызында ұстаған. Ол Алматыда ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Агенттік хабарлауынша, 2018 жылы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру бойынша шарт жасаған кезде форумды өткізу үшін жасалған сметада бағаны екі есе өсіріп көрсеткен. Бұл өз кезегінде бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына әкелген.

Қылмыстық іс бойынша сот процесі 2024 жылдың 25 желтоқсанында басталған.

2025 жылдың 26 наурызында «SUCCESS K» стратегиялық коммуникациялар агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзова сотта жауап берді

27 наурызда Ерлан Қожағапанов қылмыстық іске қатысты өз ұстанымын айтты. Қожағапановтың айтуынша, дау шыққан іс-шара – Нұрсұлтан Назарбаев президент ретінде қатысқан соңғы форум.

Айта кетейік, Қожағапанов 2017-2019 жылдары мәдениет және спорт вице-министрі болған, 2019-2021 жылдары Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. 2021 жылы қайта мәдениет және спорт вице-министрі болып тағайындалған.

Сондай-ақ оқыңыз