
Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев вьетнамдық компания Қазақстандағы әуежайдың бірін сатып алуы мүмкін екенін жоққа шығарды. Бұл туралы ол Сенатта журналистер алдына шыққанда айтты.
Оның сөзінше, әуежай стратегиялық маңызы бар нысан, ал мұндай нысандар басы-бүтін сатылмайды.
Бақаев әуежайды сату мәселесі күн тәртібінді жоқ екенін, тек алдыңғы қатарлы технологияларды тартып, сервис сапасын арттыру үшін жетекші компаниялар елге тартылатынын атап өтті.
«Вьетнам тарапымен келіссөз жүріп жатыр. Алайда бұл жерде әңгіме әуежайды басқару туралы болып жатыр. Бұл оның жұмысын жақсартып, қызмет сапасын арттыруға қатысты. Бірақ бұл «әуежайды сатамыз» дегенді білдірмейді», – деді ол.
СІМ орынбасарының сөзінше, бүгінде сөз Қызылорда облысының әуежайы туралы болып отыр.
Бұған дейін, Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин вьетнамдық SOVICO Group компаниясы Қазақстандағы әуежайдың бірін сатып алуы немесе басқаруға алуы мүмкін екенін мәлімдеген. Оның айтуынша, Қазақстан мен Вьетнам арасындағы экономикалық қарым-қатынас нығайып келеді. 2023 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 879 млн АҚШ долларын құраған. Қазақстан Вьетнамға негізінен мырыш пен қорғасын экспорттаса, бұл елден техника мен дайын өнімдер импортталады.