Шымкентте идеологиялық тұрғыда ескірген көшелерге жаңа атау беріледі

Шымкентте көше атаулары кезең-кезеңімен, қоғам пікірін ескере отырып өзгертіледі. Бұл туралы қала әкімі таратқан ономастика туралы ақпараттық хабарламада айтылған.
Қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының дерегінше, қалада 3545 көше тіркелген. Оның ішінде 2444 көше – тарихи жер-су, дәстүрлі атаулармен, 1069 көше – кісі есімдерімен аталған.
Қалада атауы жоқ 32 көше және идеологиялық тұрғыда ескірген 236 көше бар. Бұл атаулар кезең-кезеңімен, қоғамның пікірін ескере отырып өзгертіледі.
«2024 жылы қайта атау және атау беру бойынша 185 көше ұсынылды. Оның 12-сіне тиісті келісім алынған. Сонымен қатар, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұсынылған 20 тұлғаның 10-ы тиісті қолдау тапты. Сондай-ақ қала көшелерінде ілінген тақтайшалардың біршама бөлігінде үйлердің реттік нөмірлерінің көрсетілмеуіне және тозығы жетуіне байланысты биыл 35 753 тақтайша орнату жоспарланып отыр», – делінген әкімсдік хабарламасында.
Әкімдік қалада тіл саясатының нәтижелері мерзімінен бұрын орындалып жатқанын жеткізді.
«Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында, 2029 жылға дейін мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесін 93,5 пайызға жеткізу көзделген болса, бүгінде бұл көрсеткіш – 98 пайызды құрап отыр», – дейді әкімдіктегілер.
Қалада тіл заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру мақсатында мониторинг және рейдтік жұмыстар жүргізіліп, 16 180 кәсіпкерлік нысан зерделенген. Нәтижесінде 2380 нысан иесіне анықталған кемшіліктерді жою жөнінде ұсынымдар берілген.
Бұған дейін, президент ұлттық құрылтай отырысында көше мен елдімекенге атау беруде жергілікті атқарушы органдар қате жіберетінін атап өтіп, ономастика саласын орталықтандыру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеген.