Жаңалықтар

Жезқазғандық ағайындылардың үні: іске Бас прокуратура назар аударды

Жезқазғандық ағайындылардың үні: Іске бас прокуратура назар аударды
Жезқазғандық ағайындылардың үні: іске бас прокуратура назар аударды/Фото: KursivMedia

Құқыққорғаушы Инга Иманбай Жезқазған қаласында Медет Исламның өліміне себеп болған ауыр іс бойынша Бас прокуратура сот үкіміне наразылық білдіргенін хабарлады.

Оның айтуынша, прокуратура протесі 2025 жылғы 16 мамырда Жоғарғы Сотта қаралады.

«Бастапқыда шығарылған үкім жеңіл жаза ретінде бағаланып, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Мен, жәбірленуші тараптың заңды өкілі ретінде, бұл істің әділ қаралуы үшін барлық заң аясындағы мүмкіндіктерді пайдаландым. Енді міне, іс Жоғарғы Сотқа дейін жетіп, қайта қаралатын болды«, – дейді құқыққорғаушы.

Инга Иманбай мұндай нәтижеге жүйелі жұмыс пен табандылықтың арқасында қол жеткізгенін атап өтіп, іске қоғам назарын сақтап қалу әділетті шешім шығуына ықпал ететінін айттты.

Наурыз айының басында «Жезқазғаннан әділдік таппадық» деген ағайынды Саят Ислам мен Қайсар Әбділғалел Алматыда журналистер алдына шығып, кісі қолынан қаза тапқан бауыры Медет Исламның ісіне қоғам назарын аударғысы келетінін мәлімдеген. Олар бауырын қаланы ашса алақанында, жұмса, жұдырығында ұстап отырған қылмыстық топтың мүшелері өлтіргенін айтып, кінәлілер тиісті жазасын арқалағанын қалайды.