Банк пен қаржы

Алагөзов, Лаврентьев пен Қонақпаев: Ең бай бизнесмендер тізіміне жаңадан кім қосылды

Forbes ең ауқатты адамдардың тізімін жаңартты / Коллаж: kursiv.media, бильд-редакток Ахтам Зиперов

Forbes Kazakhstan журналының дерегіне сәйкес, елдегі ең бай 75 кәсіпкердің жиынтық дәулеті бір жыл ішінде 11 млрд долларға көбейіп, 57,5 млрд долларға жетті. Бұл сома Қазақстанның мемлекеттік қарызынан 10 млрд долларға кем. Қазір мемлекеттік қарыз 67,2 млрд долларды құрайды.

Тізім басындағы Вячеслав Ким биыл да Қазақстанның ең бай бизнесмендері рейтингінде бірінші орынды сақтап қалды. Тимур Турлов бесінші орыннан екінші орынға көтерілді. Тимур мен Динара Құлыбаевтар екінші орыннан төртінші орынға түсіп, ал Болат Өтемұратов рейтингтің алтыншы орнын иеленді.

Биыл тізімге 9 жаңа есім енген. Олардың қатарында бизнеске әр саладан келген кәсіпкерлер бар: металлургиядан бастап, медицина мен ақпараттық технологияларға дейін.

Андрей Лаврентьев – $840 млн (12-орын)

Андрей Лаврентьев – тізімдегі ең ауқатты жаңа қатысушы. Ол Qarmet металлургиялық комбинатының иесі. Бұл кәсіпорын бұрынғы АрселорМиттал Теміртау зауытының базасында жұмыс істейді. Сонымен қатар, ол Allur Group компаниялар тобы арқылы автоөнеркәсіп пен машина жасау салаларында табысқа жеткен. Allur еліміздегі ең ірі автомобиль дистрибьюторы әрі құрастырушы ретінде танымал.

Нұрлан Артықбаев – $228 млн (44-орын)

Нурлан Артыкбаев – құрылыс саласының ірі өкілі. Ол Qazaq Stroy және Exclusive Qurylys сияқты компаниялардың негізін қалаған. Сонымен қатар Артықбаевтың «Казахтелеком» ұлттық байланыс операторында 9,19% үлесі бар. Бұл телекоммуникация саласындағы елеулі актив саналады.

Павлингер отбасы – $227 млн (45-орын)

Сергей Павлингердің отбасы негізгі байлығы Қазақстандағы машина жасау өнеркәсібіне жинаған. Railways Systems Holding – темір жол жүйелері бойынша кешенді шешімдер ұсынатын компания болса, Проммашкомплект – теміржол дөңгелектерін шығаратын ірі зауыт. Сонымен қатар, оларда R.W.S. Binding, R.W.S. Concrete, Railcast Systems секілді басқа да кәсіпорындарда үлес бар. Бұл компаниялар темір жол инфрақұрылымына қажетті бөлшектер мен жабдықтар шығарады.

Әлидар Өтемұратов – $161 млн (59-орын)

Белгілі миллиардер Болат Өтемұратовтың ұлы Әлидар Өтемұратов – жаңа буын бизнесмен. Ол телекоммуникация және ақпараттық технологиялар саласында жұмыс істейді. Оның иелігіндегі TNS+ компаниясы – еліміздегі магистральдық интернет провайдерлерінің бірі. Сондай-ақ, ол DAR компаниялар тобын басқарады, бұл IT-жобалар, стартаптар және цифрлық шешімдермен айналысады.

Тұрсынғали Алагөзов – $130 млн (61-орын)

Алагөзов – FMCG саласында, яғни күнделікті тұтынатын өнімдер өндірісінде табысқа жеткен кәсіпкер. Оған сусын шығаратын GALANZ bottlers зауыты, Шымкент сыра зауыты, JFood Kazakhstan (бұрынғы «Цесна-Астық» компаниясы) тиесілі.

Ершат Салимов – $115 млн (65-орын)

Ершат Салимов әртүрлі салада бизнес жүргізеді. Оның иелігінде «Рахыжан Петролеум», Алматыдағы әйгілі ЦУМ сауда үйі, «Энергоинвест Лтд», сонымен қатар Жамбыл ГРЭС (жылу электр станциясы) секілді маңызды энергетикалық нысандарда үлесі бар.

Асқар Байтасов – $110 млн (67-орын)

Аскар Байтасов ABR мейрамханалар желісі мен ABR Tech компаниясының негізін қалаған.

Серік Конақбаев – $93 млн (73-орын)

Серік Конақбаев – бұрынғы танымал спортшы, қазіргі таңда мұнай-газ саласында табысқа жеткен кәсіпкер. Ол SSM Oil және ARK Petroleum компанияларында үлеске ие. Бұл кәсіпорындар мұнай барлау және өндірумен айналысады.

Ерлан Сүлейменов – $90 млн (75-орын)

Forbes Kazakhstan тізіміне жаңадан кірген дәулетіт кәсіпкерлердің тізімін Ерлан Сүлейменов түйіндейді. Оның иелігінде «Олимп» желісі, «Meditec» ЖШС, «Өңірлік диагностикалық орталық» ЖШС бар..

Кейбір кәсіпкерлер тізімнен шығып қалды. Олардың қатарында Hill Corporation иесі Дулат Кожамжаров бар. Сондай-ақ Centras Group негізін қалаушы Елдар Әбдіразақов, Lancaster Group иелері Берік Каниев пен Юрий Пак, сонымен қатар Кұлыбаевтардың серіктесі Раушан Сағдиева биылғы рейтингтен көрінбеді.