
Сәуір айында KASE акциялар нарығында сауда белсенділігі едәуір артты. Қазақстан Халық Банкі, Kcell, Қазақтелеком және Банк ЦентрКредит секілді эмитенттер инвесторлар назарында болды.
Сәуір айында Қазақстан қор биржасындағы (KASE) акциялармен сауда-саттық көлемі айтарлықтай өсіп, 48,2 млрд теңгені құрады. Бұл — наурыз айымен салыстырғанда 147,8%-ға артық. Мұндай серпін инвесторлардың белсенділігінің артқанын көрсетеді. Қазақстандық эмитенттер арасында кейбір компаниялардың бағалы қағаздарына ерекше сұраныс байқалды.
Сұранысқа ие компаниялар
Қазақстан Халық Банкі (HSBK)
Сәуір айында KASE-дегі индекс құрамындағы акциялармен жасалған барлық мәмілелердің басым бөлігі дәл осы банкке тиесілі болды — 4,7 млрд теңге (индекстік сауданың 24,3%-ы). Сонымен қатар бір айда банк акцияларының бағасы 4,5%-ға төмендегенімен, сауда көлемі екі есе ұлғайды.
Kcell (KCEL)
Kcell акцияларымен сауда көлемі 4,03 млрд теңгеге жетіп, наурызбен салыстырғанда 237,4%-ға өсті. Бұл – айтарлықтай өсім. Дегенмен акция бағасы сәл төмендеді (–1,6%).
Қазақтелеком (KZTK)
Сәуір айындағы сенімді өсім көрсеткен компаниялардың бірі — Қазақтелеком. Оның акциялары 8,3%-ға қымбаттады, ал жыл басынан бері жалпы өсім — 15,6%. Сауда көлемі — 2,47 млрд теңге.
«Банк ЦентрКредит» (CCBN)
Компания акциялары сәуірде 6,8%-ға, ал жыл басынан 32,6%-ға өсті. Сауда көлемі 1,47 млрд теңге болды. Сонымен қатар сәуір айында Банк ЦентрКредит мамандандырылған сауда-саттық арқылы нарықтан 1,2 млн қарапайым акциясын кері сатып алды (2,6 млрд теңге).
Қазатомөнеркәсіп (KZAP)
Бұл ұлттық компанияның акцияларымен сауда-саттық көлемі 1,64 млрд теңгеге жетіп, бір айда 81,6%-ға артты. Бағасы да сәл өсіп, +1,2% болды.
Сұраныс төмендеген акциялар
Air Astana (AIRA)
Air Astana акцияларына деген сұраныс төмендеді. Сәуірде олардың бағасы –5,3%, ал жыл басынан –12,8%-ға құлдырады. Сауда көлемі де 43,7%-ға азайып, 447 млн теңгені құрады.
Kaspi.kz (KSPI)
Kaspi акцияларының бағасы бір айда –3,9%-ға, ал жыл басынан –15,1%-ға төмендеді. Алайда сауда көлемі — 808 млн теңге, бұл өткен аймен салыстырғанда 18,2%-ға көп.
Сәуір айында KASE индексінің мәні 0,6 %-ға төмендеп, айдың соңына қарай 5 622,10 тармақты құрады.
Бұған дейін әлемдік сауда соғысы Қазақстан қор нарығына қалай әсер етіп жатқанын жазғанбыз.