
Air Astana әуе компаниясы Үндістан мен Пәкістан арасындағы әуе қақтығыстарына байланысты Алматыдан Дели мен Мумбайға бағытталған рейстерді тоқтатты деп хабарлайды Kursiv.Media.
«Үндістан мен Пәкістан арасындағы әуе кеңістігінің жабылуына байланысты Air Astana әуе компаниясы 8 мамырдағы Алматы – Дели – Алматы бағыты бойынша KC 907/908 рейстерін және Алматы – Мумбай – Алматы бағыты бойынша KC 291/292 рейстерін тоқтатуға мәжбүр», – делінген Air Astana хабарламасында.
Компания аталмыш рейтерге билет сатып алып қойған жолаушылардың ақшасын толық қайтарады. Бұдан бөлек, компания Қазақстан азаматтарымен қатар, билет сатып алған өзге жолаушыларды елге қайтару мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Айта кетейік, 2025 жылдың 7 мамырына қараған түні Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленіс ушығып, Үндістан әскері Пәкістандағы нысандарды, Кашмир мен Джаммудағы аудандарды атқылаған. Бұдан кейін Пәкістан әуе кеңістігін 48 сағатқа жабуға шешім қабылдаған.
Осыған дейін 7 мамырда Air Astana Дели мен Мумбайға рейстерді кесте бойынша орындап жатқанын хабарлаған. Алайда 8 мамырда компания рейстерді уақытша тоқтатты.