Спорт министрлігі «Астана Арена» cтадионын жөндеуге 20,9 млрд теңге сұрап отыр

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Астана Аренаны жөндеуге 20,9 млрд теңге сұрап отыр / коллаж: kursiv.media

Туризм және спорт министрлігі Үкіметтің резервінен елордадағы екі ірі спорт нысанын – «Астана Арена» стадионы мен «Алау» мұз сарайын жөндеуге 20,9 млрд теңге бөлуді сұрап отыр. Бұл жөнінде министрлік 2026 жылға арналған бюджеттік өтінімде көрсеткен. Алайда әр нысанға нақты қанша қаржы қарастырылғаны нақтыланбаған.

Айта кетейік, «Астана Арена» стадионына бұған дейін де күрделі жөндеу жүргізілген. Атап айтқанда, 2023 жылдың желтоқсанынан 2025 жылдың қаңтарына дейін жүргізілген жұмыстарға 15 млрд теңге бөлінген. Бұл жөндеуден кейін 2024 жылдың жазында стадион уақытша ашылып, Көшпенділер ойындары өткізілді.

Ол кезде стадионда газонды ауыстыру, жылыту және суару жүйесін жаңарту, шатырдағы поликарбонат панельдер мен бірінші қабаттың витраждарын ауыстыру жұмыстары жүргізілілді.

Ал «Алау» мұз сарайына да 2024 жылы жөндеу жұмыстары жасалған еді. Бұл нысан да Көшпенділер ойындарына қатысушыларды қабылдаған. Бұған дейін, 2021 жылы, мұз сарайына 12,3 млн теңге бөлініп, тек ішінара жөндеу жасалған. Жүргізілген техникалық тексеріс шатырды толықтай жөндеу қажет екенін көрсеткен.

Министрлік келесі жөндеу жұмыстарын 2026 жылы жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз