Шымкентте самокаттар сақталған қоймада өрт шықты

Шымкент қаласындағы БАМ шағынауданында, Мақатаев көшесінде орналасқан қоймада өрт шықты.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жалын 40 шаршы метр аумақты шарпыған. Бұл жерде JET маркалы шамамен 300 электрлі самокат зарядтауға қосылып тұрған.
Өрттің тез таралуына аккумуляторлардың тығыз орналасуы мен жанғыш материалдардың болуы себеп болған. Оқиға орнына жеті өрт сөндіру тобы мен жедел жәрдем қызметі келіп жеткен. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.
Ал JET компаниясының басшысы Мусалав Әлібековтің айтуынша, зарядтау орталығында болған өрт салдарынан самокаттардың өздері бүлінбеген.
Самокаттардың батареяларында орнатылған ақылды жүйенің арқасында тек бір ғана орталықтың белгілі бір бөлігі зақымданды. Бірде-бір самокатқа зиян келген жоқ. Жалпы нысанға келген залал болмашы ғана, жақын арада қалпына келтіріледі. Компания жұмысын жалғастырып жатыр, – деді Әлібеков.
Мамандар өрттің шығу себебін нақтылау жұмыстарын жүргізіп жатыр.