
Күйші, сазгер, дирижер – қазақ руханиятының асқақ тұлғасы Нұрғиса Тілендиевтің Ұлы отан соғысына қатысып, Берлинге дейін жеткенін бірі білсе, бірі білмес. Тіпті оның туған жері жайлы деректің өзі екіұдай. Ресми мәліметтерде композитордың 1925 жылы Алматы облысы, Іле ауданы, Шилікемер ауылында дүниеге келгені жазылады. Алайда кейбір жерлестері оның туған жері Іле ауданының Жамбыл ауылы (бұрынғы Комсомол ауылы) деп санайды. Бұл ауылдар бір-біріне жақын, арада бірер көш жер, бірақ ел аузындағы әңгіме мен ресми құжат бір жерден шыға бермейді.
Сазгердің ресми туған күні де — 1 сәуір. Бірақ бұл күн де нақ шындыққа жанаса бермейді. Бір сұхбатында Тілендиев өзі:
«Ел жайлауға шығар кезде туғанмын. Ал туған күнімді 1 сәуір деп жазып жіберген – Ахмет Жұбанов ағам. Ол кісі мені ертерек оқуға беру үшін метрке толтырып, жасымды да, туған күнімді де соған лайықтап өзгерткен», – деген. Осы сәт сазгердің өз үнімен жазылған таспада сақталған.
Қызығы сол – құжаттағы әкесі мен атасының есімі де ауысып жазылып кеткен. Тіленді әкесі, Атабай атасы. Алайда құжатта бәрі керісінше түсіп, нәтижесінде Тілендиев болып кеткен. Негізінде Нұрғиса Тілендіұлы Атабаев болу керек еді.
Майдан даласындағы музыкасыз жылдар
Ұлы Отан соғысы басталған тұста Нұрғиса өнер жолын қоя тұрып, майданға сұранып барады. Бұл тұста да жасына байланысты екі түрлі дерек бар: бірінде Жұбанов оны оқуға ерте қабылдату үшін екі жас қосып берген делінсе, енді бірінде Тілендиев өзі туған жылын өзгертіп, 16 жасында соғысқа кеткені айтылады. Қай нұсқасы шын болғанымен Тілендиев 1943 жылы майданға аттанып, Курск түбінен басталған шайқастарға қатысып, Берлинге дейін жеткені ақиқат. Соғыста үш рет ауыр жараланып, «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін» және «Ұлы Отан соғысындағы жеңісі үшін» медальдарымен марапатталады.
Бүгінде бұл медальдары Алматы қаласындағы музейінде сақтаулы, сондай-ақ музейде майданнан жазған хаттары да сақталған.

Соғыстан кейінгі жылдар
Соғыстан соң, Ахмет Жұбанов Нұрғиса Тілендиевтің музыкаға қайта оралуы үшін бар күшін салып, консерваторияға оқуға түсіреді. Жас дарынның бағы қайта жанып, өнердегі жаңа дәуірі басталды. Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрінде, кейін Абай атындағы опера және балет театрында қызмет етті. Композиторлық шеберлігі кемелдене келе, Тілендиев «Ортеқ», «Достық жолы», «Менің Қазақстаным» секілді балет, кантата мен симфонияларды дүниеге әкелді.
1982 жылы ол ұлттық музыка аспаптарын жандандырып, «Отырар сазы» оркестрін құрды. Бұл ұжым арқылы домбыра, сыбызғы, асатаяқ, жетіген секілді аспаптар жаңа өмірге келіп, оркестрде алғаш рет шырқалды. Бұл — Нұрғисаның халқына жасаған ең үлкен мәдени олжаларының бірі еді.
1998 жылы Нұрғиса Тілендиевке Халық қаһарманы атағы берілді.

Еске сала кетейік, биыл Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына байланысты, елімізде түрлі іс-шаралар мен концерттер өткен еді.