Жаңалықтар

Астанада «Шапағат» базары өртеніп жатыр

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Астанада «Шапағат» базары өртеніп жатыр. Бұл туралы әлеуметтік желілер хабарлап жатыр.

Әлеуметтік желілерде оң жағалаудағы базар маңынан қою қара түтін шығып жатқаны туралы видео тарай бастады. Видео астындағы сипаттамада «Шапағат» базары өртеніп жатқаны айтылады. Сонымен бірге оқиға орнында өрт сөндірушілердің отпен күресіп жатқаны туралы ақпарат бар.

Ал Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми арнасында нақты қандай нысанның өртеніп жатқану туралы ақпарат жоқ. Сарыарқа ауданында өрт шыққаны ғана айтылады.

«Осы сәтте елордалық өрт сөндірушілер Сарыарқа ауданындағы бутиктағы өртті сөндіруде. Оқиға орнында күштер мен құралдар жоғары дәрежеде жұмыс істеуде. Оқиғаның мән-жайы анықталуда», – делінген ТЖМ хабарламасында.

Сонымен бірге құтқарушылардың эвакуациялау жұмыстарын жүргізіп жатқаны, өрттен зардап шеккендер бойынша 112-ге ақпарат түспегені айтылған.

ТЖМ мәліметінше, шамамен 400 шаршы метрді құрайтын 10-ға жуық бутик өртенген.

«Жергілікті жерде жедел штаб құрылып, 3 жауынгерлік учаске ұйымдастырылды. Газ-түтіннен қорғау қызметінің (ГТҚҚ) 5 буыны жұмылдырылды, іште адамдардың бар-жоғына тексеру жалғасуда», – деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Сағат 12:16-да ТЖМ өрттің толықтай сөндірілгенін хабарлады.