
7 мамыр күні өткен әскери парад кезінде тыл ардагері Теңдік Изақовты іс-шараға қатыстырмай қойған. Бұл ақпарат сол күні әлеуметтік желілерде тарап, көпшілік сынына ұшыраған болатын. Келеңсіз жайттан кейін, Астана әкімдігі мәлімдеме жасап, ардагерден кешірім сұрады.
«Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб, қаланың Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов тыл еңбеккері профессор Теңдік Изақовпен және оның отбасымен кездесіп, көп жылғы еңбегі үшін алғыс білдіріп, 7 мамыр күні шеру өтетін орынға кіре алмағаны үшін кешірім сұрады», – делінген баспасөз хабарламасында.
Әкімдіктің мәліметінше, іс-шара аумағына өту арнайы әзірленген тізім бойынша жүзеге асырылған. Сол себепті, орын саны шектеулі болған. Сонымен бірге әкімдік парадқа қатысатын ардагерлер тізімін олардың жасын ескере отырып жасаған. Бұл тізім ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің туыстарынан тікелей түскен өтініштер бойынша әзірленген. Бірақ Теңдік Изақовтың отбасынан өтініш түспеген.
«Астана әкімдігі Теңдік Изақовқа және оның жақындарына туындаған жағдайға байланысты шын жүректен кешірім сұрады. Теңдік Изақов 9 мамыр күні гүл шоқтарын қою рәсіміне шақырылды», – деп хабарлайды әкімдік.
Еске сала кетсек, 7 мамыр күні Астанада әскери парад өтті. Әскери шеру елдің барлық өңірлерінде LED-экрандардан және республикалық телеарналардан көрсетілді. Парадқа президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстанға ресми сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам қатысты.