
Геосаяси жағдай шиеленісіп жатқан аймақтың бірі – Үндістанда қалып қойған Қазақстан азаматтарын елге ұқайтаруға Air Astana компаниясы жауапты. Бұл туралы Сенат кулуарында Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин айтты.
Журналистер Үндістанда қалып қойған қазақстандықтардың елге қайта алмай жатқаны туралы айтып, оларды елге қайтару мәселесімен кім айналысатынын сұрады.
Министрлік өкілі Үндістан әуе кеңістігі ашық екенін айтып, жауапкершілікті жолаушыларды сол елге апарған компанияға артты.
«Бұл саяси мәселе емес. Бұл Air Astana компаниясымен байланысты экономикалық мәселе. Себебі Үндістан өзінің әуе кеңістігін жапқан жоқ. Пәкістан Үндістан ұшақтары үшін әуе кеңістігін жауып тастады. сондықтан бұл жерде Air Astana жолаушыларды елге бір бортпен жеткізудің амалын табуы укерек. Билеттер сатып алнған. Компания билет бағасын қайтарамыз деп жатыр. Бірақ жолушыларды ол аймақтан шығару керек. Ол үшін кері бағыттағы маршрут ұйымдастырылуы керек», – деді Рахметуллин.
СІМ өкілінің айтуынша, қазір бұл аймақта соғыс бастала қоймаған. Тек жағдай шиеленіскені болмаса, халықты эавкуациялайтындай жағдай туа қоймаған.
Еске сала кетсек, Үндістан 7 мамыр түнде Пәкістанға әуеден шабуыл жасады. Оған Пәкістан қарсы жауап беріп, сол түнде екі елдің әскері арасында атыс басталды. Шабуыл кезінде Пәкістан армиясы Үндістанның 3 әскери ұшағын атып түсірді. Шаубылға байланысты Пәкістан өзінің әуе кеңістігін жапты. Елдің әуе кеңістігі 8 мамыр күні қайта ашылды.