9 мамыр – Жеңіс күні әлемде қалай тойланады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
9 мамыр – Жеңіс күні ардагерлер қомақты қаражат алады / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
9 мамыр – Жеңіс күні ардагерлер қомақты қаражат алады / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

9 мамыр – Жеңіс күні – бүкіл әлем үшін айтулы дата. Екінші дүние жүзілік соғыс адамзат тарихындағы ең қасіретті зобалаң ретінде қалып отыр.

Бұл соғысқа 61 мемлекет қатысты. Бұл – әлем халқының 80%-ы. Соғыс өрті 40 мемлекеттің жерін шарпып өтті. Жүз он миллион адам әскер қатарына алынған. 60 миллионнан аса адам опат болды.

Неге әр елде әр күні тойланады?

Батыс елдері үшін жеңіс күні – 8 мамыр. Ал ТМД елдері 9 мамырда тойлайды. Бұған  уақыт айырмашылығы себеп болған.

Гитлерлік Германия тізе бүгу актісіне қол қойған сәт – Орталық Еуропа уақытымен 8 мамырда түнгі он жарым кезі еді. Бұл – Мәскеу уақытымен 9 мамырға қараған түнгі бірлер шамасы. Батыс пен ТМД елдерінің бір Жеңіс күнін екі датада тойлайтын себебі – осы.

Еуропаның әр елінде Жеңіс күнін түрліше атап өтеді. Ұлыбританияда ресми мереке емес. Бірақ түрлі іс-шаралар өткізеді. Францияда  ресми түрде мемлекеттік мереке ретінде жарияланған. Десе де, француздар D-day-ге, яғни одақтастар әскерінің Нормандия жағалауына түсуіне, Париждың азат етілгеніне көбірек мән береді. Германияның окуппациясына түскен Нидерланд және Дания секілді шағын елдер азат етілген күнді мереке деп біледі.

Ал Шығыс Еуропа елдері кеңестік дәстүр бойынша атап өтеді.

Германияда

Неміс халқы да бұл күнді «азаттық күні» деп біледі. Өйткені национал-социализм күйреген, диктатура қамытынан босаған күн ретінде қабылдайды. Екінші дүниежүзілік соғыс неміс халқының ой-санасына ерекше әсер етіп отыр. Бір ұлттың екі мемлекетке бөлінуі ұлт басындағы нәубет ретінде бағаланып, неміс әйелдерінің шетелдік әскерлерден зорлық-зомбылық көруі соңғы кездері ашық айтылып жатыр.

Германия қалаларында соғыс кезінде бомба түсіп, қираған шіркеулерді, вокзалдарды және басқа да ғимараттарды көруге болады. Өртеніп кетсе де, жартысы бүлінсе де, олардың кезінде сәулеті көз тартатынын байқауға болады. Немістер мұны «келер ұрпақ соғыстың не екенін, қандай қасірет әкелетінін ұмытпасын» деп, әдейі сол күйі қалдыруды жөн көрген.

АҚШ-та

АҚШ президенті Дональд Трамп Жеңіс күні деп 8 мамырды ресми түрде бекітті.

«Америкалық солдаттар жан қимаса, бұл соғыста жеңімпаз болмас еді. Біздің әлем қазір мүлде басқаша сипатта болар еді», – деп мәлімдеді Трамп.

АҚШ президенті Америка Құрама Штаттарының өзге елдерге қарағанда көп үлес қосты деп атап өтті.

АҚШ-та Жеңіс күнін «Еуропадағы жеңіс» деп атайды. Себебі Екінші дүниежүзілік соғыс Жапонияның капитуляциясымен аяқталады. Құжатқа 1945 жылы 2 қыркүйекте Жапония жеңілгенін мойындап, қол қойған еді. Трампқа дейін америкалықтар 8 мамырды ресми түрде тойламайтын еді.

Расында да, АҚШ Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде одақтастарына орасан зор көмек көрсетті. Ленд-лиз бойынша, әскери материалдар, танкі, ұшақ, жүк көліктері, азық-түлік, шикізат және басқа да соғысқа қажетті дүниелерді аяп қалмады.

Жапониямен соғысып жатқан АҚШ 1943 жылы өткен Тегеран конференциясынан кейін, Еуропадағы соғысқа да тікелей араласты.

Қазақстанда

Қазақстанда 9 мамыр ұлттық мереке саналады. 9 мамыр демалыс күні деп жарияланған. Екінші дүниежүзілік соғысқа 1,5 млн-ға жуық қазақстандық қатысқан. 18-50 жас аралығындағы адамдардың 70 пайызы майданға аттанған. Қазақстанда соңғы дерек бойынша 111 соғыс ардагері бар. Биыл оларға Жеңістің 80 жылдығына орай бес миллион теңгеден беріледі.

7 мамырда Астанада Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне арнап, ауқымды әскери парад өтті. Бүкіл бұқаралық ақпарат құралдары арнайы материалдар әзірлейді. Соғыста асқан ерлік көрсеткен батырларды еске алады. Тылдағы еңбегімен жеңісті жақындатуға үлес қосқандар да ескеріледі.

Орталық Азияда

Орталық азия елдері Екінші дүниежүзілік соғысты адамзат тарихындағы ең зұлмат ретінде таниды. Мәселен, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон «тарихтың ең қара парағы», «тәжік халқы үшін ұлы қасірет әкелгенін» айтты. «Бұл соғыс ауқымы мен адамдарға қасірет әкелген ең қорқынышты соғыс» деп атады.

Жалпы, Орталық Азия елдері бұл күнді алапат соғыста қаза болған отандастарын еске алып, ардагерлерге құрмет көрсетіледі. Мәселен, Тәжікстан биыл ардагерлерге 50 мың сомони ($4810) беріп отыр. Бұл елде небәрі 17 ардагер қалған. Ал Өзбекстанда 82 ардагер он мың доллар көлемінде сыйақы алады. Қырғызстанда 100 мың сом ($1140) берілмек.  

Түркіменстан да қанша майдангер бар екені беймәлім. 2018 жылдан бастап 9 мамыр демалыс күні болып есептелмейді.

Ресейде

Ресейде 7 мыңға жуық майдангер бар. Оларға 80 мың рубль ($ 966,57) берілмек. 9 мамыр – Жеңіс күні Ресейде ерекше тойланады. Ауқымды әскери парад өтеді.  

Ресейліктердің ең айтулы басты мерекесінің бірі. Ресей үшін бұл күн – «орыс қаруының айбыны, ата-бабалардың ерлік даңқы» ретінде қарастырылады. Кеңестік дәстүр бойынша, «Ұлы отан соғысы» деп атайды. Бұл кезең 1941 жылы гитлерлік Германияның шабуылдап,  КСРО-ның Екінші дүниежүзілік соғысқа араласқан уақытты қамтиды.

Екінші дүниежүзілік соғыстың идеологиялық тұсына, «фашизмге қарсы күрес» екеніне басымдық береді. Ресейде Украинаға қарсы соғысты «Ұлы отан соғысымен» жиі салыстырады. «Арнайы әскери операциясын» фашизмге қарсы күрестің жалғасы» деп атайды.

Сондай-ақ оқыңыз