
Қытайды азат еткен жүз жастағы жауынгер Солтанбай Жарықбасұлы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Алға ауылында тұрады.
Солтанбай Жарықбасұлының айтуынша, 1943 жылы Алматы облысынан 2 мыңға жуық жас жігіт Моңғолияға аттанған. Осы елмен шекаралас Қытайдың бір бөлігін – Маньчжурия және өзге де өлкелерін жапон әскері басып алған еді. Кеңес одағымен тікелей ұрысқа түспегенімен, барлаушылары түнде келіп, «тіл» алып кетіп отырған.
Екінші дүниежүзілік соғыста милитаристік Жапония Германияның одақтасы болды. Кеңес одағына шығыстан да қауіп төнді. Тынық Мұхитта АҚШ-пен қиын-кескі ұрыс жүргізіп жатқанына қарамастан, Кеңес одағымен шекаралас аймақтарда Жапонияның бір миллиондай әскері тұрды. Жапон сарбаздарының жауынгерлік рухы өте мықты еді. Әсте осал жау емес.
1945 жылдың 9 тамызда Кеңес Одағы Жапонияға ресми түрде соғыс жариялайды. Әскер шекара сызығын кесіп өтеді.
Солтанбай Жарықбасұлы моңғолдарды жапондардан қорғап қана қоймай, Қытайды азат еткен. Өліспей беріспейтін самурайларға қарсы ұрыста талай қанды көйлек достары да опат болған. Бір айға жуық ұрыста қолға түскен жауды Қытай билігіне тапсырады.
Жүзге келген жауынгердің бес ұл, үш қызы бар. Немере-шөбересінің саны 57-ге жетті. Туажат пен шөпшектері де бар. Алға ауылының мешіті және орталық көшелерінің бірі Қытайды азат етуге қатысқан Солтанбай Жарықбасұлының атымен аталады.
Мұның алдында Жеңіс күні әлемде қалай тойланатыны туралы жазған болатынбыз.