Назарбаевқа үш қыздан кейін мұрагер сыйлаған Әсел Құрманбаева кім?

Әсел Құрманбаева жайлы алып-қашпа әңгімелер ұзақ уақыттан бері таралып жүр. Оны экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бейресми жұбайы деп айтады. 2023 жылы шыққан «Менің өмірім. Бодандықтан бостандыққа» кітабында ғана Назарбаев Әсел жайлы ресми түрде жария етті. 20 жыл бойы президентпен некелесіп, оған екі ұл туған Құрманбаева немен айналысады?
«Сен маған ұл сыйласаң, мен саған сарай саламын»
2016 жылы Астанада «Астана балет» театрының ашылуы өтті. Қазақстандағы техникалық тұрғыдан ең озық әрі көпфункционалды мәдениет ғимараты деп сипатталған нысанды «Базис-А» құрылыс компаниясы салды. Ашылуына сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев та келіп қатысты.
Мекеме 800 адамға лайықталған. Ашық деректерге сүйенсек, жыл сайын бюджетке миллиондаған салық төлейді. 2023 жылы қазынаға салық түсімі ретінде 293 млн теңге, ал 2024 жылы 296 млн теңге төлеген.
Ал 2022 жылы Алматыда Almaty theatre ашылды. 700 орынға лайықталған ақшаңқай ғимарат Әл-Фараби даңғылының бойында орналасқан. Жаңа театр кеңес заманынан келе жатқан Абай атындағы опера және балет театрына жауап ретінде салынған деп жазады Forbes.
Бұл екі театр да Назарбаевқа мұрагер сыйлаған Әсел Құрманбаева немесе Исабаева үшін салынған дейді көпшілік.
«Астана Балет» театрының сайтында Исабаева арт-менеджер және «Астана Балет» шығармашылық ұжымының негізін қалаушы ретінде көрсетілген. Ал театр ғимаратын салуға тапсырыс берген «Демеу» қоры тікелей Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі.
Орда.кз жазуынша, екінші нысан Almaty Theatre-дің құрылтайшысы – Диана Закирова есімді кәсіпкер. Закированың меншігінде «ATBco» ЖШС атты кәсіпорын бар. Оның жетекшілері бірнеше рет ауысқан, оның ішінде Әсел Құрманбаеваның да есімі көрсетілген. «ATBco» Алматыдағы ғана емес Астанадағы «Астана балет» театрына да қызмет көрсетеді.
Әсел Исабаева немесе Құрманбаева?
Әсел Исабаева (кейін құжаттарында тегін өзгертіп, Құрманбаева болған) 1980 жылдың 29 қазанында дүниеге келген. Медиада танымал емес, көпшілік алдына жиі шықпайды. 1999 жылы анасының кеңесімен Әсел ұлттық сұлулық байқауына қатысып, жеңіске жетті. Кейін ол Лондонда өткен «Әлем аруы» («Miss World») байқауында Қазақстанның намысын қорғады.
Сол байқауларда берген сұхбатында балалық шағы Алматы облысында, қазіргі Талдықорған қаласында өткенін айтады. Оның әкесі — экономика ғылымдарының докторы, қазақстандық ғалым Тілектес Есполов деп жазады БАҚ. Бірақ ғалымның өзі оны растаған да, жоққа шығарған да емес. 2014 жылы Есполовты сол кездегі президент Назарбаев қабылдаған еді.

Әселдің анасы – Құрманбаева Гүлбану. Оған «Астау» ЖШС тиесілі. Кәсіпорын сұлулық салондары мен шаштараздарды басқарады. Бұл фирма 2006 жылы тіркелген, содан бері мемлекетке 100 млн теңгеге жуық салық төлеген.
Әсел Исабаева кейінірек анасының тегіне өтуі мүмкін. Оның отбасы жайлы басқа ашық деректер жоқ.
Құрманбаеваға тек театрлар ғана тиесілі емес. Екі жыл бұрын Pandora Papers жобасы аясында жүргізілген зерттеуінде «Власть» медиаресурсы мен OCCRP (Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы) Құрманбаеваның оффшорлық желі арқылы миллиондаған доллар алғанын жазды. Нақты айтқанда «Қазақмыс» корпорациясының тең иесі Владимир Ким мен бұрынғы Президент Әкімшілігінің басқарушысы Владимир Нидің отбасы Әселге 30 млн доллар берген.
Тауман және Байкен Нұрсұлтановтар
Экс-президенттің сөзінше, екінші жұбайын Талдықорғандағы ресми сапарында жолықтырған. Кейін сұлулық байқауында тағы көріп, ғашық болады. Заңды жұбайы Сараға барлығын мойындап, ол «түсіністік танытқан» екен. 2005 жылы ұлы Тауман, 2009 жылы Байкен өмірге келеді. Бұл жайлы Назарбаев кітабында толық жазады, бірақ балалары туралы деректер жоқтың қасы.
Әлеуметтік желілерде Тауман Назарбаев деп жазылған жас жігіттің суреті тараған. ҚазТаг-тың хабарлауынша, Назарбаевтың Астанадағы резиденциясы Қаңтар оқиғасынан кейін Тауман Назарбаевтың атына жазылған.

Астанадағы бейресми орталарда Тауман мен 2005 жылы туған А. Майданова арасында неке қию рәсімі өткен деген ақпарат таратып жүр. Сонымен қатар, олар А. Майданованың әкесі Алмасадам Сәтқалиевтің Энергетика министрі қызметінде болуын осы жағдаймен байланыстырады. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталмаған. Қазіргі таңда тараптар да, мемлекеттік органдар да бұл жөнінде ешқандай пікір білдірген жоқ.
Назарбаев өзінің екінші әйелі мен ұлдарын ашық түрде мойындағаннан кейін, кейбірі осы арқылы экс-президент өз мұрагерлерін «заңдастырғысы» келеді деп есептейді.
Осыған дейін біз Қазақстан тарихында болған тұңғыш және әзірге жалғыз бірінші ханым Сара Назарбаева туралы жазған едік. Ол ауырып, қазір Алматыдағы ауруханалардың бірінде емделіп жатыр. Назарбаеваның қайырымдылық қоры мен бастаған жобалары туралы мына жерден оқи аласыздар.