Алматы-Қорғас автожолына қатысты сотта Қазақстан жеңіске жетті

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Алматы-Қорғас автожолына қатысты сотта Қазақстан жеңіске жетті / Фото: shutterstock

Алматы-Қорғас тас жолына қатысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «Todini Impregilo Kazakhdorstroy» арасындағы сот аяқталды. Париждегі Халықаралық сауда палатасы жанындағы Халықаралық төрелік сот Қазақстан Республикасының пайдасына шешім қабылдады. Бұл туралы Әділет министрлігі хабарлады.

2020 жылғы 15 мамырда «Todini Impregilo Kazakhdorstroy» бірлескен кәсіпорын Алматы – Хоргос автожолын салу жобасы бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетін сотқа берген еді. Аталған кәсіпорын құрамына Todini Costruzioni Generali S.p.A., WeBuild S.p.A. және «Казахдорстрой» ЖШС компаниялары кіреді.

«Todini Impregilo Kazakhdorstroy» комитет үстінен 50 млн доллар көлемінде шағым түсірген. Компания бұл қаржыны кедендік баждар мен салықтарды төлеу, теңгенің инфляциясы, су өткізгіш трубаларды қайта толтыру, жол пайдалану пунктінің құрылысын тоқтатқаны үшін өтемақы деп есептейді.

Халықаралық сот бес жылға созылып, 14 сәуірде аяқталған. Париждегі ICC Халықаралық төрелік сотында құрылған Трибунал жеке компанияның емес, Автомобиль жолдары комитетінің қарсы талабын қанағаттандырған.

«Трибунал Комитеттің қарсы талабын қанағаттандырып, Талапкерлерге жұмыс мерзімін ұзартқаны үшін өтемақы ретінде бұрын төленген соманы қайтаруға міндеттеді. Сондай-ақ, Трибунал Комитет жеңіске жеткен тарап ретінде өзінін сот және төрелік шығындарын толық өтеуге құқылы екенін мойындады», – деп жазылған Әділет министрлігінің хабарламасында.

Халықаралық сотта Автомобиль жолдары комитетінің мүддесін Әділет министрлігі қорғаған. Ал консультант ретінде Curtis, Mallet-Prevost, Colt & Mosle LLP халықаралық заң фирмасы тартылды.

Сондай-ақ оқыңыз