Жаңалықтар

Белсенділердің мессенджерін бұзған израильдік компанияға айыппұл салынды

Фото: Archivo Reuters

АҚШ-тың Федералды соты Pegasus атты тыңшылық бағдарламаны дайындаған израильдік компанияға айыппұл салды. NSO Group енді WhatsApp мессенджеріне және оның аналық компаниясы Meta-ға 170 млн доллар төлеуі қажет. Politico жазуынша, бұл NSO Group жүйесі арқылы 1400 WhatsApp аккаунтының бұзылғаны үшін берілген өтемақы.

«WhatsApp ісі бойынша шығарылған үкім – құпиялық пен қауіпсіздік саласындағы маңызды алға басу. Бұл – әр адамның қауіпсіздігі мен құпиялығына қатер төндіретін заңсыз тыңшылық бағдарламалардың жасалуы мен қолданылуына қарсы алғашқы жеңіс», – деп жазылған Meta компаниясының сайтындағы мәлімдемеде.

Еске салайық, 2019 жылы 1400-ге жуық қолданушының аккаунттарына өзге біреулер бұзып кірген еді. Олардың басым көпшілігі құқық қорғау, заң саласында жұмыс істейді. Хакерлер WhatsApp-тағы видео қоңыраулар арқылы аккаунтты бұзған. Осыдан кейін мессенджердің иесі Meta компаниясы сотқа берген еді. Хакерлердің әрекетін олар NSO Group шығарған Pegasus-пен байланыстырды.

Өз кезегінде NSO Group аппеляция бермекші.

«Біз өз технологиямыздың ауыр қылмыстардың алдын алуда және терроризмге қарсы күресте шешуші рөл атқаратынына, сондай-ақ оның уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан жауапкершілікпен қолданылатынына кәміл сенеміз», — деді израильдік компанияның өкілі.

Дау қайдан басталды?

Арадағы дау NSO Group компаниясы шығарған Pegasus бағдарламасына қатысты болып тұр. Бұл бағдарлама қашықтан әрекет етіп, құрылғыға жасырын SMS арқылы еніп, хат-хабарды, фотолар мен видеоларды көшіріп алады, сондай-ақ иесінің рұқсатынсыз камера мен микрофонды іске қоса алады. Ал оны жасаған израильдік фирма бағдарлама тек қылмыспен күресуге арналған деп мәлімдеді.

Бірақ 2021 жылы АҚШ-тың Сауда министрлігі Pegasus арқылы журналистер, құқыққорғаушылар мен белсенділердің мессенджерлеріне тыңшылық жасаған деп хабарлады. Осыдан кейін NSO Group -ға қарсы санкциялар салды.

Ал Еуропарламент Pegasus-ты Еуропада қалай қолданғанын анықтау үшін тергеу бастады. NSO Group өкілдері бағдарламаны тек мемлекеттік тапсырыс берушілерге сатамыз, тыңшылыққа қатысы жоқ деп сендіруге тырысады.

Журналистердің мәліметінше, Pegasus арқылы 20 елдегі 180 журналистке, сондай-ақ 50 мыңнан астам адамға тыңшылық жасалған болуы мүмкін.

Қазақстанға қатысы бар ма?

2021 жылы Amnesty International ұйымы Қазақстандағы кемінде төрт белсендінің телефонына Pegasus тыңшылық бағдарламасы орнатылғанын анықтады. Нақты айтқанда, Тамина Оспанова, Димаш Әлжанов, Дархан Шәріпов және Айзат Әбілсейіттің мессенджерлері бұзылған. Олар 4 қараша күні Apple компаниясынан «үкімет қолдауына ие хакерлер мобильді құрылғыңызды нысанаға алуы мүмкін» деген ескерту алған.

Төрт белсенді де «Оян, Қазақстан» жастар қозғалысының мүшелері.