
Елімізде қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі артып жатыр. Осы жылдың бірінші тоқсанында 22,4% құрады, былтыр осы уақытта көрсеткіш 13,5%-ға тең болған еді. Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығы арнайы есебін жариялады.
«Мұндай өсу цифрлық қаржы сервистерінің дамуына, карта мен QR арқылы төлеу мүмкіндіктерінің көбейгеніне, адамдардың финтехке сенімі артқанына және мобильді аударымдарға бақылау күшейіп, жұрттың төлем жасау әдеті өзгергеніне байланысты», – деп түсіндіреді қаржыгерлер.
Ал сәуірдің басындағы есеп бойынша, елімізде жалпы қаржы айналымындағы қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 87,1%-ға жетті (бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 85,5% болған).
Әсіресе, Ақмола, Жетісу және Түркістан облыстарында қолма-қол ақшасыз транзакциялар көлемі ерекше өсті. Бұл финтех технологияларды пайдалану жағынан кенже қалып келе жатқан өңірлерде ерекше өзгеріс бар екенінің белгісі дейді сарапшылар.
Осы жылдың бірінші тоқсанындағы есеп бойынша, қолма-қол ақшасыз транзакциялардағы орташа чек 12 мыңнан 13 мың теңгеге өскен. Ал банкоматтан ақша шешіп алу бойынша операцияның орташа көлемі 94 мыңнан 109 мың теңгеге көбейген. Бұл қазақстандықтардың табысы мен номиналды жалақы көлемі артқанын білдіреді.
Сарапшылар пікірінше, ары қарай да қолма-қол ақшасыз операциялар арта түседі. Оған көлеңкелі экономиканың қысқаруы, халықтың қаржы сауатының артуы әсер етпек. Одан бөлек цифрлық инфрақұрылымның дамуы, қолма-қол ақшасыз төлем құралдарының тартымдылығы да себепкер болмақ.
Қолма-қол ақшасыз транзакциялар құрылымында QR-төлемдер үлесі де өскен, бірақ аса көп емес (10,1%-дан 10,2%-ға). Егер бірыңғай QR-код іске қосылса, бұл төлем әдісін пайдалану одан да жиілей түсуі мүмкін.
Осы жылы бірінші тоқсанда қазақстандықтар банкоматтар арқылы 6,0 трлн теңге шешіп алған. Ал өткен жылы дәл осы уақытта 5,7 трлн шешкен еді. Бұл шалғай елдімекендерде күнделікті шығындар үшін әлі де қағаз ақша қолданатынымен және экономикадағы көлеңкелі сектордың әлі де жоғары екенімен байланысты (ЖІӨ-ге 17,5%).
Тағы бір атап өтетін дүние – жыл басынан бері қазақстандық банктер төлем карталарын шығаруды азайтқан. Осы жылы ақпанда айналымда 83,6 млн төлем картасы болса, наурызда айналымдағы карталар саны 81 млн-ға дейін қысқарды. Сарапшылар бұл банк картасын шығару, пайдалануды барынша қатаңдатуына байланысты деп есептейді.