Жеңістің 80 жылдығына орай Қазақстанның ірі қалаларында қандай шаралар өтеді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Жеңістің 80 жылдығы өңірлерде ауқымды аталып өтілуде / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толады. Осы орайда Қазақстанның ірі қалаларында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылады. Соларға шолу жасап көрген едік.

Алматыда дрондар шоуы өтеді

9 мамыр күні сағат 21:00-де Алматыдағы Абай алаңында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған ерекше дрондар шоуы өтеді. Іс-шара барысында аспанда 500-ден астам дрон қатысатын жарық шоу ұсынылады.

«Көрсетілім барысында соғыс жылдарында Қазақстанның хас батырлары — Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және Бауыржан Момышұлы бейнесі жарық анимация арқылы жанданбақ. Олардың ерлігін сипаттайтын көріністер символикалық түрде бейнеленеді», – деп хабарлады Алматы әкімдігі.

Көрермендерге арналған арнайы алаңдар Абай алаңында, «Қазақстан» қонақүйінің жанында, Caspian University маңында және Абай даңғылы бойында (Назарбаев даңғылынан Достық көшесіне дейін) дайындалады.

Алматы әкімдігі і с-шараға байланысты 18:00-ден 21:30-ға дейін Абай даңғылының Назарбаев даңғылынан Достық көшесіне дейінгі аралығы мен Достық көшесінің Құрманғазы көшесінен Сәтбаев көшесіне дейінгі бөлігі уақытша жабылатынын хабарлады.  

Сондай-ақ бүгін, 8 мамырда Алматыда Жеңістің 80 жылдығына арналған ауқымды экологиялық акция өтеді. Экоакция Алматының барлық ауданында өтеді деп жоспарланған. Әр орында концерттер, шеберлік дәрістері, интерактивтер және әскери әндер сынды мерекелік іс-шаралар да ұйымдастырылады.

Бұдан бөлек, Алматының әр ауданында соғыс батырларына арналған ескерткіштерге, бюсттерге және мемориалдық тақталарға гүл қою рәсімдері өтеді.

Астанада қандай шаралар өтеді?

Астанада 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай 100-ге жуық іс-шара жоспарланып отыр. Олардың арасында концерттер, көрмелер, акциялар, спектакльдер және т.б. өтеді.

Айта кетейік, 7 мамырда елордадағы «Қазақ Елі» алаңында Мемлекет басшысы — Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад өтті. Парадқа соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері, сондай-ақ елімізге мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам қатысты, Одан бөлек, Мұхтар Алтынбаев, Сәт Тоқпақбаев, Бақытжан Ертаев, қазақстандық ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов құрметті қонақ болды. 

Шымкент

Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге Шымкентте 80 іс-шара жоспарланған. Мегаполис әкімдігінің хабарлауынша, оларды өткізуге жергілікті бюджеттен 33,2 млн теңге бөлінген.

Негізгі іс-шаралар 9 мамырда Абай атындағы саябақтағы «Даңқ» мемориалдық кешенінде, мерекелік концерт «Астана» алаңында өтеді. Бірнеше апта бойы қалада конкурстар, көрмелер, патриоттық акциялар және ардагерлермен кездесулер өтіп жатыр. Сонымен қатар, билік атаусыз көшелерге Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдерін беруді ұсынды.

Сондай-ақ оқыңыз