Aurus Senat Long – мемлекет басшылары мінетін көлік

Aurus Senat Long көліктері қазір Қызыл алаңда Жеңіс парадына келді. Жиынға Кремльдің бірінші корпусына 27 мемлекет басшысы келген.
Соның ішінде тек үшеуіне ғана ұзартылған нұсқадағы Aurus Senat Long көлігі берілді. Солардың бірі – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Ол Қазақстан мемлекеттік нөмірлері тіркелген көлікпен келген. Қалған мемлекет басшылары ресейлік тіркеу нөмірлері бар көліктерді пайдаланды.
Тоқаев мінген бұл көлік – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметінің балансында. Алайда ол тұрақты түрде Ресейдегі Қазақстан Елшілігінің дипломатиялық резиденциясында орналасып, сол жерде қызмет көрсетіледі.
Aurus Motors компаниясы шығарған
Aurus Senat Long — ресейлік Aurus Motors компаниясы шығарған жоғары деңгейлі люкс-класс өкілдік лимузині. Бұл көлік Ресей президентінің ресми қызметтік көлігі ретінде пайдаланылады және ең жоғары қауіпсіздік пен жайлылық талаптарына сай келеді.
Aurus Senat Long моделі Ресейдің жоғары лауазымды тұлғаларының ресми кортеждерінде пайдаланылады. Оны көлік жоғары технологиялар мен дәстүрлі орыс инженерлік мектебінің үйлесімінің үлгісі, десек те болады.
Техникалық сипаттамалары
Қозғалтқышы – 4.4 литрлік V8 битурбо гибрид. Жалпы қуаты: 598 а.к. (электр қозғалтқышы – 62 а.к.). Қозғалтқыш көлемі 4400 см³ болады. Трансмиссиясына тоқталсақ, 9 сатылы автоматты беріліс қорабы бар. Толық жетекті (4×4) көлік. Максималды жылдамдығы 190 км/сағ деп көрсетілген. 8.1 секундта қарқын алады. Көліктің ұзындығы 6130 мм, ені: 2020 мм болады. Салмақ: 6 тоннадан асады.
Бұл көліктер брондалған. Қорғанысы өте мықты.
Қауіпсіздік және қорғаныс
Aurus Senat Long көлігі жоғары деңгейдегі баллистикалық қорғанысқа ие (VR8/VR10 деңгейі). Бұл – әлемдегі ең қорғалған люкс-класс көліктерінің бірі. Көлік құрылымында болаттан жасалған күшейтілген корпус және қауіпсіздік белдіктерінің алдын ала тарту жүйесі қарастырылған. Сондай-ақ, ADAS (Advanced Driver Assistance System) жүйесі және ЭРА-ГЛОНАСС шұғыл шақыру жүйесімен жабдықталған.
Ішкі жабдықталуы мен жайлылық
Салон жоғары сапалы материалдардан жасалған: табиғи былғары, қымбат ағаш түрлері және металл элементтері. Жолаушыларға арналған мультимедиялық жүйе, Wi-Fi нүктесі, Bluetooth және индукциялық сымсыз зарядтау құрылғысы орнатылған. Сондай-ақ, әрбір көлік иесіне жеке интерьер дизайнын жасау мүмкіндігі ұсынылады. Оның ішінде түстер палитрасы, монограмма және декоративті элементтерді таңдау мүмкіндігі бар.
Мұның алдында америкалық Ford Motor президент Дональд Трамптың салық саясаты компанияға шамамен 1,5 млрд долларға түседі деп болжады.