Жаңалықтар

Тоқаев қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады

Тоқаев ардагерлерге, отандастарға зор денсаулық, бақ-береке тіледі / akorda
Тоқаев ардагерлерге, отандастарға зор денсаулық, бақ-береке тіледі / akorda

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жеңіс күні – 9 мамырмен құттықтады.

«Сіздерді Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Осы мерейлі күнді еліміздің әрбір азаматы ерекше көңіл-күймен қарсы алып, Жеңімпаз аға буынға шексіз ризашылығын білдіреді», – деді президент.

Тоқаев фашизмге қарсы сұрапыл соғыс халқымызға орасан зор қайғы-қасірет әкелгенін алға тартты.

«Біздің қаһарман жауынгерлеріміз асқан ерлік пен батылдық танытып, азаттық пен әділдік жолында аянбай күресті. Жүз мыңдаған сарбазымыз ұрыс даласында қаза тапты. Тылдағы жұрт та адам айтқысыз қиындыққа қарамастан тынымсыз тер төгіп, Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосты. Олар егіс алқабында, зауыттар мен фабрикаларда күн-түн демей жұмыс істеп, майданды қамтамасыз етті», – деді мемлекет басшысы.

Президент соғыс және тыл ардагерлерінің қайтпас қайсарлығы мен қажырлы еңбегін ешқашан ұмытпауға шақырды.

«Жанқиярлық пен ерліктің озық үлгісін көрсеткен батырларымыздың есімін әрдайым ұлықтаймыз. Ардагерлерімізге қамқорлық жасап, қолдау білдіреміз», – деді Тоқаев.

Сонымен қатар, Президент Жеңіс күніне арналған көптеген іс-шара өткізіліп жатқанын айтты. Қазақстанда бес жүзге жуық көшеге екіншідүние жүзілік соғыстың қаһармандарының аты берілген. Ауқымды әскери шеру өтті.

«Мұның бәрі зұлмат соғыстың зардабын халқымыз ешқашан жадынан шығармауы үшін қажет.Біз Жеңіс күнінде бейбіт өмірдің қадірін ұғынып, достық пен тыныштықтың маңыздылығын терең түсінеміз. Осы мызғымас құндылықтар әрдайым халқымыздың әл-ауқатын арттырудың және Қазақстанды тұрақты дамытудың берік негізі болып қала береді. Мен бұған кәміл сенемін», – деді Тоқаев.

Президент ардагерлерге, отандастарға зор денсаулық, бақ-береке тіледі.

Мұның алдында Тоқаев Венесуэла президенті Николас Мадуромен кездескен еді.