Адамдар неге дұрыс демала алмайды

Жарияланды
заңды тұлғаларды
24/7 өнімділік синдромы деген не?/Фото: kursiv.media архивінен

Қазір «бір минутың да бос кетпесін» дейтін заман. Соған байланысты көбіміз әр секундты пайдалы өткізуге тырысамыз. Жетістікке жеткен, табысты адамдардың синдикаты, бітпейтін to-do-list — бәрі қапылып өмір сүру керек дегенді миға құятын сияқты. Яғни «нәтижеге жету үшін жүгіру керек», «тынықпастан жұмыс істеу керек» деген ой санада жаңғырып тұрады. Бірақ бұлай жалғаса берсе, адам бір күн болмаса, бір күні қажып, таусылады. Сөйтіп созылмалы стреске шалдығады. Бүгінгі материалымызда адам неге дұрыс демала алмайтыны туралы айтамыз. 24/7 өнімділік синдромы деген не? Соны талдаймыз. 

24/7 өнімділік синдромы деген не?

24/7 өнімділік синдромы деп адамның үнемі жемісті жұмыс істеп, қолым тимей жүруім керек деп ойлайтын күйін айтады. Ондай кезде демалыс — уақытты бос кетіру деп есептеледі. Егер ештеңе істемей отырса, сол үшін өзін кінәлап шыға келеді. Мұндай өнімділік синдромы жетістік пен нәтиже ғана бағаланатын, жұмысы таусылмайтын hustle culture мәдениетінің концепциясына сай келеді.

Өнімділік синдромының негізгі белгілері:

  • Әлі аз істеп жатырмын, бұған да көбірек істеуім керек деген ой кетпейді.
  • Бір минут тағат тауып отырса болды, өзін кінәлайды.
  • Демала алмайды. Демалса, мазасыздығы күшейеді.
  • Өз жетістігін үнемі басқалардыкімен салыстыра береді.
  • Демалу керек болса да, демалмай, өз қажетіне мән бермейді.

Бұл қақпанға адам қалай түсіп қалады?

Әлеуметтік желінің әсері мол

Расында, әлеуметтік желіні ашып қалсаң болды, табысты адамдардың өмірін көп көресің. Олар тоқтаусыз жұмыс істейді. Ешқашан демалмайды. Жетістікке жетуінің құпиясы да сол демалыссыз жұмыс істеуінде деп көрсетеді. Таңертең күнмен таласып ерте тұрады, жұмысқа барады. Күнде тұрақты жасайтын ритуалдары бар. Қарап отырсаң, бұл әлемде бәрі демалыссыз жұмыс істеп жатқандай көрінеді. Яғни тыныға қалсаң, бітті. Сен — әлсіз адамсың.

Үздік болуға ұмтылыс

Бізді бала кезден кім өнімді жұмыс істесе, сол жетістікке жетеді деп үйретеді. Сол қағида санаға қатты сіңіп қалатыны сонша, ересек кезде де адамдар өз күйіне мән берместен, жығылып бара жатып тұрып кетіп жұмыс істейді. Ағзасы шаршағанын білдіріп жатса да, мән бермей, мұрыннан қан кеткенше тірлікпен айналысады.

FOMO синдромы

Әлдебір маңызды дүниені жіберіп алмайын деген қорқыныш болады. Ол да өнімділік синдромын күшейтеді. Бәрінен хабардар болуға тырысып, ақыры қажып, таусылып, шаршайды.

Өнімділік синдромы денсаулыққа қалай әсер етеді?

Егер адам демалмастан жұмыс істеп, әр сәтін өнімді өткізуге тырыса беретін болса, уақыт өте келе:

  • Созылмалы стреске шалдығады. Кортизор һәм стресс гормоны көтеріліп кетсе, иммун жүйесі қирайды. Ол когнитив функциялардың жұмысын нашарлатады.
  • Эмоциялық тұрғыда қажып кетеді. Бір секунд тоқтамастан жұмыс істей берсе, психика күйрейді де, мотивация жоғалады.
  • Ұйқысыздық билейді. Түнде де дұрыс ұйықтай алмаған адам үнемі шаршау болып жүреді.
  • Когнитив қабілеттері төмендейді. Шаруаға көміліп қалған мидың ақпаратты қорытуы қиындайды. Соның кесірінен тез шаршап қалады.

Бұл синдромнан қалай құтылуға болады? Дұрыс демалуды қалай үйренеміз?

  1. Шаруаны жоспарлағандай, демалысты да жоспарлаңыз. Ол үшін демалысты кәдімгідей күнтізбеде белгілеп қойыңыз. Сонда ол да жасалуы міндетті тапсырма сияқты қабылданып, міндетті түрде орындалады.
  2. Реал мақсаттар қойыңыз. Бәрін бірден істеп тастауға ұмтылмаңыз. Шынымен күшіңіз келе ме, істей аласыз ба — ойланыңыз. Ауқымды шаруалар болса, оны бірнеше бөлікке бөліп тастаңыз. Өзіңізді шаршатпаңыз.
  3. Дижитал детокс жасап тұрыңыз. Аптаның бір күнін гаджетсіз өткізуді әдетке айналдырыңыз. Сонда ақпарат ағыны азайып, мазасыздық деңгейі төмендейді.
  4. Ми тынықтыратын істермен айналысыңыз. Йога, медитация, тыныс алу жаттығуларын жасап жүріңіз. Сол кортизолды азайтып, жайлы күйге түсуге көмектеседі.
  5. Жұмыс пен демалыстың шекарасын бөліп қойыңыз. Ол үшін жұмыс уақыты біткенде жасайтын ритуалдарыңыз болсын. Мысалы ноутбукты жабу, таза ауада серуендеп, кітап оқу деген сыңайлы әдеттеріңіз болуы керек. Миыңыз жұмыстың біткенін осылайша түсінуі керек.
  6. «Жоқ» деп айтып үйреніңіз. Тапсырған істің бәрін бас салып істеп кетпеңіз. Өзіңізге не нәрсе маңызды, не нәрсе басымырақ екенін бағамдап үйреніңіз. Егер шектен тыс шаруа жүктеліп жатса, оны орындамайтыныңызды айтыңыз.

Тобықтай түйін

24/7 өнімділік синдромы табыстың кілті бола алмайды. Ол — ағзаңыздың қажығанын, шаршағанын, оған демалыс керегін білдіретін сигнал. Адам физикалық та, ментал да тұрғыдан шаршап тұрғанда ешқашан өнімді жұмыс істей алмайды. Өз психикалық күйін реттемейінше жетістікке жетуі де неғайбыл. Демалыс әлсіздер айтатын сылтау емес, ол — өмірде қажет болатын нәрсе. Өзіңізге тынығуға мүмкіндік беріп үйреніңіз. Күнтізбедегі шаруалар тізімінде істеу керек шаруалар ғана емес, демалыс та жоспарланып тұрсын. Уақытында ұйықтап, демалып тұратын мидың өнімділігі тоқтаусыз жұмыс істеген мидан әлдеқайда мықтырақ.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін «елдің соңында қалатын болдым» дейтін қапылыс һәм FOMO синдромы туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз