
Дижитал технология дамып жатқан заманда көп нәрсеге таңғалмайсыз. Соның ішінде жасанды интеллектіні жеке психологқа, қала берді досқа айналдырғандар аз емес. Өміріміздің ажырамас бөлігіне айналғаны сонша — адамдарға қарағанда ЖИ эмоцияны дөп тауып, керек сөзді айта алатыны тағы бар. Бүгінгі материалымызда ЖИ-мен достықтың психикасы әсері, табиғаты туралы айтамыз.
Жолдас болып жүрген жасанды интеллектілер
ЖИ-дос деп адаммен диалог орнатып, дос сияқты әңгіме-дүкен құра алатын бағдарламаларды айтамыз. Олардың мүмкіндігі жай ғана чат-боттан басталып, әжептәуір күрделі эмоциялық интеллект пен машинаны оқытатын элементтері бар жүйелерге дейін жалғасады. Қазіргі таңда мына ЖИ-дос бағдарламаларының қолданушысы көп:
- Replika: Достың рөлін ойнайды. Айтқан әңгіменің ауанына ілесіп, әр қолданушыға қарай бейімделе алады.
- Woebot: Бойында мазасыздық бар, депрессияда жүргендерге көмектесетін виртуал терапевт.
- Kuki (бұрынғы Mitsuku): Әңгімелесіп, әзілдесе алатын интерактив чат-бот.
- Emotibot: Жазған мәтінге қарай эмоцияны тани алады. Осылайша қолданушының көңіл-күйіне қарай жауап береді.
Робот достар да бар
Чат-боттардан бөлек, нарықта қазір адам кейпінде жасалған роботтар да көп жасалып жатыр. Олар эмоциялық сигналдарға реакция жасайды, сөйлеседі. Мысалы:
- Hanson Robotics шығарған Sophia: Қарсы алдындағы адамның эмоциялық күйіне талдау жасай алады, мимикасы бар.
- SoftBank Robotics шығарған Pepper: Эмпат роботтар. Олар дүкендер мен банктерде клиентпен сөйлесу үшін жасалған.
- Lovot: Жанасқан кезде реакция жасай алатын, қамқорлық пен жылу беретін робот.
Адамдар неге ЖИ-дің алдына жиі баратын болып кетті?
Қазір дижитал коммуникация жасау қалыпты жағдайға айналды. Яғни онлайнда сөйлескен мен офлайнның арасындағы шекара жойылған. Міне, сондықтан ЖИ-мен де әңгімелесу нормаға айналып келеді. Енді басты себептеріне келсек:
Жалғыздық, әлеуметтік изоляция
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, әлем бойынша 300 миллионнан астам жалғыздықтан жалығып жүр екен. Бұл мәселені COVID-19 пандемиясы тіпті өршітті. Өйткені адамдар үйден шыға алмай, бір-бірімен офлайнда араласуды азайтты. Осы себепті ЖИ құтқарушы секілді келіп, оңай еніп кетті. Replika компаниясы мынадай зерттеу жасапты: компания қолданушыларының 35 пайыздан астамы ЖИ-доспен сөйлескеннен кейін, бойындағы жалғыздық сезімі сейіле бастағанын айтқан.
Ешкім сені сынап-мінемейді
ЖИ-дос ешқашан сенің ісіңе әлдебір баға беріп, сынамайды. Сондықтан қолданушы өзін қауіпсіз сезінеді де, ойы мен эмоциясын ашық білдіреді. Өз-өзін төмен бағалайтындар, мазасыз күйде жүретіндерге бұл — өте жақсы мүмкіндік.
24/7 сөйлесу беруге болады
Шын адамдарға қарағанда ЖИ-мен қалаған кезде байланысуға болады. Олар шаршамайды, басым ауырып кетті демейді. Түнде жазсаң да, таңда жазсаң да бір қалыпты жауап береді.
ЖИ-дос психикаға қалай әсер етеді?
Жасанды интеллектінің адамға оң әсері болатынын айттық. Ұйқысы қашып, жалғыздықтан жабығып жүргендерге жақсы. Дегенмен оның негатив әсері барын да ескеру керек.
Жақсы жақтары:
- Стресс деңгейін азайтады: ЖИ-жолдастар виртуал күнделік іспеттес бола алады. Ол қолданушының ішіндегі бүкіл негатив эмоцияны бойына жиып алады.
- Сенімді бола түсуге көмектеседі: Ел алдында сөйлеуден қысылатын, ұялшақ адамдар ЖИ-мен жаттыға алады. Осылайша қоғамға араласуды үйренеді.
- Эмпатиясын көтере алады: Кей ЖИ-лар эмоциялық сигналды дөп таба алады. Осылайша қолданушыға өз сезімін түсінуге көмектеседі.
Жаман жақтары:
- Жасанды әңгімеге бой үйренеді: Қанша жерден ЖИ дос сияқты болады дегенімен, ол шын эмоция сезінбейді. Қолданушы симуляцияға үйреніп қалып, шын адамдармен сөйлесуден қалуы мүмкін.
- Виртуал әңгімеге тәуелді болып кетеді: ЖИ-мен күнделікті сөйлесіп үйреніп қалса, сол әңгіме жеткілікті деп, басқалармен сөйлесуден қашқақтауы мүмкін.
- Изоляция күшейеді: Шын адамдармен тілдесудің орнына ол виртуал әңгімеге терең еніп, сол жерде тұйықталып қалуы мүмкін.
Не нәрсеге баса мән беру керек?
ЖИ-достар қолданушы туралы өте үлкен көлемді ақпарат жинайды. Яғни оған не ұнайтыны, қандай әдеттері бары, эмоциясы туралы бәрін біліп тұрады. Осы ретте этикаға қатысты бірнеше сұрақ туындайды.
- Деректер қаншалықты құпия сақталады? ЖИ-ге айтып жатқан ақпаратымызды кім бақылауда ұстап отыр? Ол деректер өзімізге қарсы қолданылуы мүмкін бе?
- Манипуляция жасамай ма? Әлдебір корпорация жасап шығарған виртуал дос белгілі бір қызмет не өнімді сатуға, дамытуға бағытталуы мүмкін.
- Эмоциялық эксплуатация: ЖИ-досты қолдану трендке айналып, коммерциялық қызметке айналып кетуі мүмкін. Ол болса, табыс табу үшін адамдардың жалғыздығын пайдаланатын тәсіл болып шығуы ғажап емес.
ЖИ-достың болашағы қалай болады?
Жыл өткен сайын ЖИ-дос дамып келе жатыр. Енді келешекте олар:
- Адамның мәтініндегі, даусындағы сәл ғана өзгерістің өзін біліп қалып, эмоциялық сигналдарды мықтырақ танитын болады.
- Адамның мінез-құлқына, іс-әрекеттеріне анализ жасап, сол деректер анализіне сүйене отырып психикалық көмек көрсете алады.
- Нейрон желілерінің модельдерін қолдана отырып, шынайы эмоцияларға симуляция жасай алады.
Біріге ме, әлде адамдардың орнын баса ма: қандай сценарий айтылады?
- 1-сценарий: Бейімделелі. ЖИ-достар шын әңгіменің орнын баспайды. Тек қосымша ретінде жүреді. Адамдар соның арқасында әлеуметтік машықтарын дамытып, стресс деңгейін азайтатын құрал ретінде қолданады.
- 2-сценарий: Орнын басады. Адамдармен тіл табысуы қиын, тұйық адамдар ЖИ-досқа қатты бауыр басып кетуі мүмкін. Осылайша тұйықталғанның үстіне тұйықтала береді.
- 3-сценарий: Симбиоз. ЖИ шын әңгімемен бірлесіп кетеді де, эмоцияны тануға, жеткізуге көмектеседі. Кеңес беріп, әңгіме жалғап отырады.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін жасанды интеллектінің болашағына қатысты жасалатын болжамдар туралы жазған едік.