
Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, көрнекті ақын Темірхан Медетбек ауыр науқастан кейін 81 жасында өмірден өтті. Қаралы хабарды оның әріптесі Қасымхан Бегман әлеуметтік желіде жария етті.
Ақынның өмірден өтуіне орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның отбасы мен жақын-жуықтарына көңіл айтты.
«Темірхан Медетбек ғибратты ғұмырын ұлт руханиятына арнаған, төл әдебиетіміз бен өнеріміздің жанашыры болған тегеурінді ақын еді. Көне түркі сарынын жаңғыртқан рухты шығармалары оқырман тарапынан жоғары бағаланды. Қазақ баспасөзінің өркендеуіне елеулі еңбек сіңіріп, нағыз шығармашыл тұлға ретінде өнегелі өмір сүрді. Соңына әдеби бай мұра қалдырған Темірхан Медетбектің жарқын бейнесі мен есімі ұмытылмайды», – деп жазылған жеделхатта.
Темірхан Медетбек 1945 жылғы 6 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, бұрынғы Амангелді атындағы колхозда (қазіргі Нұртас ауылы) дүниеге келген.
Шығармашылығы:
– Сапар алдында (1973)
– Алыс шақырымдар (1975)
– Көгершін қауырсындары (1982)
– Дауыс (1984)
– Городские эскизы (1985)
– Тағдырлы жылдар жырлары (2000)
– Көк түріктер сарыны (2001)
Әдеби ой-толғамдары:
– Абай әлемі (1995)
– Баба дәстүрдің мұрагері кім: туған әдебиет туралы ойлар (2006)
– Сегіз қырлы, сексен сырлы әлем бұл
– Күретамыр (2012)
Поэмалары:
– Махамбет рухының монологы
– Күлтегін
– Тоныкөк
Темірхан Медетбектің өлеңдері қырғыз, өзбек, украин, орыс, қытай, татар тілдеріне аударылған.