
9 мамыр күні Алматыда Жеңістің 80 жылдығына арналған ауқымды дрондар шоуы өтті. Оны тамашалауға Абай алаңына 60 мыңнан астам адам жиналды деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігінен.
Шоудың ашылу сәтінде «80 • 1941–1945» деген жазуы бар жұлдыз пайда болды – бұл ерліктің символы әрі ұлы жеңіс жылдарын еске салатын белгі. Одан кейін аспанда жауынгер каскасы мен қызыл қалампырлар бейнеленіп, соғыста қаза тапқандарға құрмет көрсетілді. Ең әсерлі көріністің бірі – соғыстан оралмаған сарбаздардың рухын бейнелейтін ұшып бара жатқан тырналар композициясы болды.
Шоудың маңызды бөлігі қазақстандық қаһармандарға арналды. Аты аңызға айналған Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың кезегі келгенде, Мәншүк – пулеметпен, Әлия – мылтықпен шықты. Сондай-ақ, жауынгерлік ұшақпен тұрған әйгілі ұшқыш Талғат Бигелдиновтың бейнесі де болды арасында. Халық қаһарманы, қолбасшы әрі жазушы Бауыржан Момышұлының тұлғасы батырлық пен қайсарлықтың символы ретінде жарыққа шықты.

Бұдан өзге көріністерде Жеңіс туының көтерілу сәті, жұлдыз пішініндегі Мәңгілік алау мен «Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды!» деген жазу бейнеленді. Шоудың ақтық сәтінде қазақы оюмен көмкерілген композиция мен жарқыраған «Жеңіс күні құтты болсын!» деген жазу көрермендерді ерекше әсерге бөледі.
Көрермендерге Абай алаңында, «Қазақстан» қонақүйі жанында, Caspian University маңында және Абай даңғылы бойында арнаулы алаңдар даярланды. Шоу кезінде қала орталығындағы көлік қозғалысы уақытша шектелді.
Алматыдағы дрондар шоуы Жеңіс күнін атап өтудің жарқын әрі есте қаларлық сәтіне айналды. Шоудың әсерін күшейткен әскери жылдардағы әндер мен патриоттық әуендер әр көріністің эмоциялық қуатын арттырып, көрермендердің көкейіне мақтаныш сезімін ұялатты.