Жаңалықтар

Алматыда полицей жанармай бекетіндегі жарылыстың алдын алды

Мирас Тастанды / Фото: Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы облысында патрульдік полиция қызметкері жанармай бекетінде жарылыстың алдын алды.

Оқиға 10 мамыр күні Ұзынағаш ауылында болған. Қызметтік аумағын бақылау кезінде патрульдік полиция инспекторы Мирас Тастанды жанармай құю бекетінде тұрған ГАЗель-дің жанып жатқанын көреді. Жарылыс болуын түсінген полицей сол жердегі екі азаматпен бірге отты сөндіруге кіріседі.

«Олардың жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында өрт дер кезінде тоқтатылды. Инспектордың батыл шешімі мен азаматтардың жауапкершілігі арқасында қайғылы жағдайдың жолы кесілді. Мұндай оқиғалар полиция қызметкері – жай ғана форма киген адам емес, қоғам қауіпсіздігі үшін әрқашан дайын тұрған тұлға екенін дәлелдейді», – деп жазылған хабарламада.

Айта кету керек, егер ешкім әрекет етпегенде, жалын жанармай сақталған резервуарларға жетіп, ауыр зардаптарға соқтыруы мүмкін еді.

Еске салайық, Қостанай облысында полиция подполковнигі Батырсаим Зайтинов  қызмет міндетін атқару кезінде қайтыс болған еді. Ол жол апатына ұшыраған. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға сәйкес, оның отбасына қаржылай қолдау көрсетіледі.