
Димаш Құдайберген Лара Фабианның Лондонда өтетін концертіне арнайы қонақ ретінде қатысып, бірге ән шырқайды. Бұл туралы шара өтетін OVO Arena Wembley парақшасында жазылған.
Лара Фабиан осы жылы «Voices» атты әлемдік турын бастаған. 3 маусымда Лондондағы Wembley аренасында кезекті концертін береді. Оған Димаш Құдайбергенді арнайы қонақ ретінде шақырған.
Лара Фабиан – бельгиялық әнші, композитор, әлемнің түкпір-түкпіріндегі тыңдармандардың жүрегін жаулаған ерекше дауысқа ие. Оның Димаш Құдайбергенмен бірген ән шырқайтын концерті жанкүйерлері үшін жіберіп алуға болмайтын нағыз музыкалық оқиға болғалы тұр.
Еске салайық, Димаш Құдайберген жақында ғана «Тау ішінде» атты әнге жаңа бейнебаян түсірді. Тыңдармандар жаңа бейнебаянды Алматыда өтетін фан-кездесуде көре алады. Оған дейін әнші премьер құрметіне орай арнайы челлендж жариялады.
Димаш Құдайберген «Тау ішінде» трегіне арнайы видео түсіріп, ең көп қаралып жинаған оқырманына сыйлық уәде берді.
Челлендж шарттары мынадай:
- Видеоның ұзақтығы 30 секундқа дейін болуы керек.
- TikTok немесе Instagram желісіне жүктелуге тиіс.
- Міндетті түрде #TauIshindeChallenge хэштегін қою қажет.