
Алматы облысы Талғар ауданында атыс болған. Тәртіп сақшылары бір адамды қамауға алды, осыған қатысы бар деген тағы төрт күдікті ауруханада жатыр. Алматы облысы полиция департаменті осылай хабарлады.
Талғар ауданында атыс болғаны жайлы әлеуметтік желілерде жазылды.
«Талғарда жаппай атыс, жапа шеккендер бар. ІІМ қашан тәртіп орнатады?»,- деп жазды Экс-депутат Мұрат Әбенов фейсбуктегі парақшасында
Полиция мәліметінше, бұл оқиғаға қатысқан барлық адамдар анықталған. Төрт күдікті жарақаттанып, ауруханаға жеткізілген. Тағы бір адам изоляторға қамалды. Әлі де іздестіріліп жатқан күдіктілер бар.
«Аталған факт бойынша қылмыстық істер тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қабылданған шаралардың нәтижесінде оқиғаға қатысқан барлық тұлғалар анықталды. Ауруханаға жеткізілген төрт күдікті күзетпен жатыр. Бір адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Іздестіру шаралары жалғасып жатыр», – деп хабарлады Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Кейбір телеграм-арналарда атысқа қатысы бар деген төрт күдіктінің аты-жөндері таралған. Оқиға Талғардағы мейрамханалардың біріндегі үйлену тойында болды деп те хабарланды. Бірақ полиция оны жоққа шығарды.