Жаңалықтар

Таразда Бауыржан Момышұлына арналған мұражай ашылды

Бауыржан Момышұлы мұражайы / Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

Таразда Кеңес Одағының Батыры, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының мұражайы ашылды. Ғимараттың лентасы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай салтанатты түрде қиылды.

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайына батырдың өзі тарту еткен жеке маузері, Кеңес Одағының Батыры Алтын Жұлдызы мен Ленин орденінің көшірмелері, айдаһар бейнеленген қылышы, сондай-ақ сирек кітаптары мен фотосуреттері де қойылған. Батырдың балалық шағы, әскери қызметі, отбасы жайлы тың деректер, сондай-ақ жеке заттары мен құжаттарын да көруге болады.

Полковник шеніндегі шинелі, батырдың өзі сызған әскери карта, сондай-ақ «Ұшқан ұя» мен «Артымызда Мәскеу» шығармаларын жазған қаламы мен сиясауыты да көрермен назарына ұсынылды.

Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бейбіт күндері киген киімдері мен ыдыс-аяқтары – күміс қасықтар, ағаш тостағандар, қымыз шөміші, шай ішетін ыдыстар мен домбырасы көрмеге ерекше мазмұн беріп тұр. Батырдың өзі ойған өрнектерден тұратын альбом, Құрмет грамотасы, Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы Жарлық пен өзге де марапаттау құжаттары да экспозициядан орын алған.

Көрменің бірегей жәдігерлерінің бірі – Бауыржан Момышұлы Қызыл Армия қатарына алғаш шақырылған 1932 жылы және запасқа шығып, елге оралған 1956 жылы өзімен бірге болған чемодан мен соғыс кезіндегі батальон, полк, дивизияның құпия құжаттары сақталған темір сейф.

Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Батыр киген шинель, етік, папаха, маузер қаруы және шығармашылыққа бет бұрған кезеңіндегі 70-тен астам қолөнер туындылары – оюланған фигуралар ұсынылған.

Биыл Екінші Дүниежүзілік соғыс аяқталғанына 80 жыл толды. Осыған орай Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жеңіс күні – 9 мамырмен құттықтады.