Үндістан мен Пәкістан өзара келісімге келді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: ашық дереккөзден

Үндістан мен Пәкістан атысты тоқтатуға келісті. АҚШ президенті Дональд Трамптың хабарлауынша, бұған Вашингтонның делдал болуы әсер еткен.

«АҚШ-тың делдалдығымен түнгі ұзақ келіссөздерден кейін Үндістан мен Пәкістан толық әрі жедел атысты тоқтату туралы келісімге келгенін қуана хабарлаймын», – деді АҚШ президенті Truth Social атты парақшасында.

Өз кезегінде Пәкістанның вице-премьері әрі сыртқы істер министрі Исхақ Дар бұл ақпаратты растады.

«Пәкістан мен Үндістан атысты тоқтату туралы келісімге келді және бұл шешім дереу күшіне енеді. Пәкістан әрқашан да өз егемендігі мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтірмей, аймақта бейбітшілік пен қауіпсіздікке ұмтылып келеді», – деп жазды Дар әлеуметтік желілерде.

Үндістан да Пәкістанмен атысты және әскери қимылдарды тоқтату туралы келісімді растады.

«Атысты және әскери қимылдарды тоқтату туралы келісім Үндістан мен Пәкістан арасында тікелей жасалды», – деп мәлімдеді Делидегі ресми өкілдер.

Бұған дейін Үндістан Пәкістан әскері бейбіт халыққа шабуыл жасады деп айыптаған еді. Елдің Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, 10 мамырға қараған түні Пәкістан Джамму мен Кашмир штатындағы тұрғын аудандарға шабуыл жасаған. Бірақ Үндістан әскері Пәкістанның әуе шабуылын тойтарып үлгерген.

Сондай-ақ оқыңыз