
Ештеңе істегіңіз келмей, жай ғана дым істемей жатқыңыз келетін кездер жиі бола ма? Мұндайда осы сезімнің неден туындағаны жайлы ойланып кететін боларсыз. Көкейде прокрастинация ма, әлде ағзаңыздың әлсірегені сонша, әбден қажып кеткеннен осылай болып жатыр ма деген екіұдай сұрақ пайда болады. Негізі жалқаулық пен шаршаудың аражігін ажырату оңай емес. Себебі белгілері бір-біріне қатты ұқсайды. Дегенмен екеуінің қайсысы екенін анықтап алмасаңыз, соңы өзіңізге зиян болуы әбден мүмкін. Осылай жалғаса берсе, жұмысыңыз өнбей, психикалық жай-күйіңіз нашарлап кетуі ғажап емес. Олай болса, бүгінгі материалымызда осы екі күйді қалай ажыратуға болатыны туралы айтамыз.
Прокрастинация деген не және ол қалай пайда болады?
Прокрастинация деп жай ғана шаруаларды кейінге қалдыра бергенді айтпаймыз. Шатастырмаңыз. Бұл күй кезінде адамның ниеті мен әрекетінің арасында қайшылық туындайды. Осылайша жұмыс атқарылмаған күйі шетке ысырыла береді. Ал енді оған не себеп болады?
- Қателесуден не ойдағыдай атқара алмай қаламын деген ойдан туатын қорқыныш
- Перфекционизм — процесті мінсіз істеуге ұмтылған кезде іс, керісінше, тежеліп қалады
- Эмоциялық қажыған кезде ресурс бір қарағанда бар болғанымен, бір орында тоқтап тұрады не мұз сияқты қатып қалады.
- Мотивация болмағанда да мақсаттар айқын емес болып көрінеді. Тіпті «осы нәрсе маған керек пе» деп күмәнданасыз.
Мынаны түсініп алыңыз: прокрастинация — жалқаулық емес. Бұл — бойда белгілі бір мазасыздық бар кезде өзіңіз содан әдейі қашқақтап, беттегіңіз келмейтін кез.
Тоқтап, үзіліс алу керегін білдіретін белгі һәм ағза қажыған кезде не істеу керек?
Шаршау деп шектен тыс жүктеме түсіп кеткен кезде берілетін физиологиялық және психологиялық реакцияны айтады. Оның мынадай белгілері болады:
- Қанша кофе ішсеңіз де, ойыңызды жинақтай алмайсыз, ояна алмайсыз. Айнала тұман сияқты бұлдырап тұрады.
- Оп-оңай шаруалардың өзін істей алмай қаласыз, әлденеге назар салу қиындайды.
- Болмайтын нәрсенің бәріне ашулана бересіз.
- Басыңыз ауырып, буындарыңыз әлсіреп, ұйқысыздық мазалайды.
Егер сіз шынымен қатты шаршап қалған болсаңыз, ағзаңыз сізге белгі береді. Ондай кезде ойын-сауыққа мүлдем зауқыңыз соқпайды. Сізге тек тыныштық керек болып тұрады.
Прокрастинация мен шаршауды қалай ажыратамыз?
Айтқандай бұл екі күй бір-біріне ұқсайды. Дегенмен айырмашылығы бар. Сізде қайсысы екенін анықтау үшін өзіңізге мынадай үш сұрақ қойыңыз:
- Қазір жатып, тынығып алсам, жағдайы жақсара ма? Жеңілдеймін бе?
Егер аздап көз шырымын алғаннан не таза ауада серуендегеннен жағдайыңыз дұрысталатын болса, демек сіз жай ғана шаршағансыз. - Істеу керек шаруа туралы ойлағанда бойымда қандай сезім билейді?
Егер мазасыздық бойлап, өзіңізді кінәлі сезініп, үрейлене бастасаңыз, онда бұл прокрастинация болуы әбден мүмкін. - Қазір менің демалып алғым келіп тұр ма, әлде көңіл көтергім келіп тұр ма?
Егер тынығып алғыңыз келсе, онда шаршағаныңыздың белгісі. Ал енді шаруаны істемей, оның орнына әлеуметтік желіні шарлап, сүйікті сериалды қарап шыққыңыз келіп тұрса — істен қашып тұрсыз яки сізде прокрастинация болып жатыр деген сөз.
Бұл екі күйді неге ажырата білуіміз қажет?
Адам өзін жақсы сезуі керек. Егер сіз шынымен қатты шаршап тұрсаңыз да, соған қарамастан өзіңізді «қинасаңыз», онда оның соңы эмоциялық қажуға апаруы мүмкін. Ал ол күйден шығу кейін оңай болмасы анық.
Ал егер прокрастинация кезінде «көңілімді көтеруім керек» деп ойыңызды басқа нәрсеге бөле берсеңіз, жаман әдет жұқтырып алуыңыз мүмкін. Осылайша шаруадан қаша беретін адамға айналып шыға келсеңіз, таңғалмаңыз.
Есте ұстаңыз: бұл екі жағдайда да зияны өзіңізге тиеді. Өйткені не денсаулығыңыздан, не жұмысты өнімді істейтін қасиетіңізден айырылып қалуыңыз ғажап емес. Сондықтан дәл қазіргі мұндай ахуалға не себеп екенін тереңірек үңіліп анықтап алған абзал.
Өзімізге өзіміз қалай көмектесеміз?
Егер шаршау басып тұрса, онда:
- Денеңізді тынықтырып алыңыз. Миыңыз да демалсын. Ол үшін кемі жарты сағат не бір сағаттай ағзаға күш салмаңыз. Ұйықтап аласыз ба, жоқ әлде тыныштықта отырасыз ба, серуендеп келесіз бе — ерік өзіңізде.
- Шөл басып, қарын тойдырып алыңыз. Терең-терең тыныс алыңыз.
- Істеу керек шаруаңызға асықпай, аз-аздан кірісіңіз.
Егер бұл прокрастинация болса, онда:
- Кішігірім болсын бір қадам жасаңыз. Мысалы, мақала жазуыңыз керек болса, алдымен ноутбукты қосып, материалды ашыңыз да, бір сөйлем жазып қойыңыз.
- «Помодоро» техникасын қолданыңыз. Яғни 25 минут жұмыс істеңіз де, 5 минут демалып алыңыз. Сонда қажып кетпей, өнімді жұмыс істей аласыз.
- Не сезініп тұрғаныңызды сыртқа шығаруға әдеттеніңіз. Күнделігіңіз болса, соған жазыңыз. Досыңызға не психологқа барып, айтыңыз, талқылаңыз.
- Түпкі мақсатыңыз қандай екенін есіңізге бір салыңыз. Не үшін істеп жатсыз? Бұл да сананы әжептәуір сілкінтеді.
Тобықтай түйін
Адам миы үздіксіз істей беретін құлтемір не машина емес. Оған демалыс керек. Кейде біз физикалық тұрғыдан шаршаймыз. Кейде шаршаған сияқты сезімнің астарында жауапкершіліктен қашу тұруы мүмкін. Сондықтан шынында сіздегі бұл күйдің себебі неде екенін анықтап алу керек. Ішкі әлеміңізге үңілгенде ғана дұрыс стратегия жасауға болады. Өзіңізді алдарқатпаңыз: шынымен қатты шаршап тұрсыз ба, әлде мойын жар бермей, бастауға қорқақтап тұрсыз ба? Мұны өзіңізден басқа ешкім білмейді. Сол себепті өзіңізге өзіңіз көмектесіңіз.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін өмірді кейінгі қалдыра беретін прокрастинация синдромы туралы жазған едік.