Lifestyle

Китпен қалай жүзуге болады

Фото: shutterstock.com

Кит — мұхиттағы ең үлкен сүтқоректі. Ересек киттің салмағы 120 тоннаға дейін жетеді. Осындай көлемі мен ауыр салмағына қарамастан, кит — адам үшін ең қауіпсіз жануарлардың бірі. Кит адамға қатты ұқсайды. Олар өте ақылды, сезімтал келеді, балаларын адамдар сияқты емізіп, ана сүтімен өсіреді. Біз секілді киттер де отбасы мен қоғамдық ортаға мұқтаж. Китпен ұқсастығы көптігінен болса керек, адамдар су алпауыттарын жақынырақ тануға, шексіз мұхиттан іздеп табуға құштар. 

Осыған байланысты әлемнің бірнеше нүктесінде кит көрсететін, онымен жүзу тәжірибесін ұсынатын турлар көбейген. Ретсіз әрі жауапсыз туризм кит популяциясына үлкен зиянын тигізеді. Сондықтан киттің таңғажайып әлемімен танысып, бірақ оларға зәредей зиян келтірмеу үшін бұл кездесуге жіті дайындалу керек. Бүгінгі материалымызда китпен этика нормаларын сақтап жүзу жолын толық түсіндіреміз. 

Китпен жүзу қауіпті емес пе?

Жоқ, кит адамға қауіпсіз. Бірақ мұнда жабайы табиғатпен қарым-қатынастағы алтын ережені есте сақтаған жөн. Біз — киттер әлеміне қонақпыз. Сыйымызды жоғалтпау үшін мына дүниелерді қаперден шығармаңыз:

  1. Киттің жеке шекарасын бұзбаңыз
  • Китпен жүзуге апарған инструктордың соңынан еріп, айтқанын бұлжытпай орындаңыз. Ол әуелі, киттердің қимыл-қозғалысын бақылап, адамдармен қарым-қатынасқа қаншалық дайын екенін тексереді.
  • Cуға түскенде, киттен кемі 150 метр қашықта болыңыз. Адамға қызықса, кит өзі жақындайды.
  • Ешқашан: Киттің соңынан қумаңыз! Китке қарай тікелей жүзбеңіз! 
  1. Китке қол тигізбеңіз
  • Киттің жүзбеқанаты мен ішінде өткір ракушкалар болады, қолыңызды тіліп кетуі мүмкін.
  • Китке қол тигізу олардың табиғи мінез-құлығын бұзып, жануарда стресс туғызады.
  • Адам китпен арасында қашықтық сақтамай, оларды қолға үйретіп алса, киттер қайықтарға жиі жақындап, бұл үлкен апаттарға себеп болуы мүмкін.
  • Ойын қуған кит баласы сізге қызығып, жақын келсе, орныңызда қалып, ақырын артқа шегініңіз. 
  1. Аналы-балалы киттерге жақындамаңыз
  • Киттер баласын қатты қорғаштайды. Сізді қауіп көрсе, оқыс қимыл жасап немесе мүлде алысқа ұзап кетеді. Сондықтан аналы-балалы киттен кемі 20-30 метр ұзақ тұрыңыз.
  • Оларға өздері жақындауға мүмкіндік беріңіз, сіз бірінші қадам жасамаңыз.
  • Жаныңыздағы адамдармен шағын, тығыз топқа бірігіңіз. Ана китке жан-жаққа шашыраған адамдарды бақылағанша, бір топты көріп, соған сенім артқан жеңілдеу болады. 
  • Аналы-балалы киттердің астына сүңгіп жүзбеңіз. Мұны инструктордың рұқсатымен, китпен сенімді байланыс орнаған кездерде ғана жасауға болады. 
  • Әсіресе, анасы су бетіне жақын, баласы тереңде жүрсе, балақай китке жақындаудың қажеті жоқ. Адамға сенсе, киттің өзі баласын ортаға алып, өзі демалғанда, баласымен ойнай тұруға мүмкіндік береді. 
  1. Киттің құйрығынан сақ болыңыз
  • Киттің құйрығы өте мықты. Ол құйрығының көмегімен 40 тонналық денесін су бетіне шығарады. Үнемі киттің бас жағында, көз ұшында жүріңіз. Қашықтық сақтаңыз, киттің жеке шекарасына құрметпен қараңыз.

Китпен жүзуге қалай дайындалу керек?

Китпен жүзу тәжірибесін ұсынатын оператор мен елге байланысты талаптар да өзгереді, бірақ негізінен китпен жүзуге 8-12 жастан бастап рұқсат етіледі. 

Кит ашық мұхитта, терең суларда жүреді. Сондықтан китпен жүзу үшін суда ешкімнің көмегінсіз сенімді әрі еркін жүзе алуыңыз керек. Суды шалпылдатып жүзу, терең судан қорқу, шамадан тыс көп қозғалу китті үркітіп, ашық мұхитта акуланың назарын аударуы мүмкін. 

Китті тек су бетінен көріп ғана қоймай, мұхит астынан тамашалағыңыз келсе, сізге фридайвинг курсынан өту керек. Бұл спорт түрі бір деммен су астына сүңгіп, өкпедегі ауа таусылғанша, киттерді жақын қашықтан көруге, бірге жүзуге мүмкіндік береді.

Китпен жүзуге мынадай құрал-жабдықтар қажет болады:

  • Салқын суда — гидрокостюм, жылы суда — шомылуға арналған кез келген киім
  • Снорклинг маска 
  • Масканың әйнегін тазалау үшін балаларға арналған шампунь немесе булануға қарсы тамшы
  • Ласты (аяққа киілетін, жылдамырақ жүзуге көмектесетін жүзбеқанат)
  • Су астында түсіруге арналған камера
  • Күннен қорғайтын крем

Киттерді қайдан табуға болады?

Кит — жабайы жануар. Олар маусымға қарай әртүрлі суларда көшіп-қонып жүреді. Кит миграциясына экологиялық және әлеуметтік факторлар, қорек базасы әсер етеді. Балық, планктон сияқты микроорганизмдер азайып немесе шектен тыс кит аулау, ретсіз туризм белең алса, киттер саны белгілі бір өңірде қысқарып, болмаса мүлде көрінбей кетуі мүмкін. 

Төменде киттер қай маусымда, қай елде жүретіні жайлы жалпы ақпарат қамтылған:

Кит түріЖүретін жеріМаусымы
Өркешті китБір сөзбен, Француз Полинезиясы және оған көршілес аралдар: Руруту, Tонга, Mуреа, Ниуэ, Кук аралдары; Мозамбик тамыз – қазанның соңы
КашалотДоминикан Республикасы, Maврикийжыл он екі ай (ең жақсысы: қараша – мамыр) 
КосаткаНорвегия, Мексика (косаткамен жүзу заңсыз, арнайы рұқсат керек)қазанның соңы – қаңтардың соңы (Норвегия), жыл он екі ай (Мексика)
Минке китіҮлкен барьер рифі, Aустралиямаусым – тамыз
Финвал китіНорвегияқазанның соңы – қаңтардың соңы
Оңтүстік китіАргентина (Патагония), Оңтүстік Африка, Аустралиямаусым – қазан

Кит туризмі бүкіл әлем бойынша жылына 2 млрд доллар табыс әкеледі. Бұл саланы коммерциализациялау киттерге кері әсерін тигізбеуі керек. Сондықтан көп елде кит туризміне қатысты қатаң ережелер қолданылады. Бірақ әлбетте, барлық жерде олай емес. Жануарлар құқығын қорғаушылар китпен этика нормаларын бұзбай жүзуге болатын орындар қатарында Руруту, Муреа, Тонга, Австралия мен Доминикан Республикасын ұсынады. Қалған елдерде ретсіз туризм белең алған, бұл өз кезегінде киттер популяциясын азайтуы мүмкін деген қауіп бар.