Hyundai жаңа электрокроссоверін таныстырды

Электромобильдер нарығы қарқынды өсіп келе жатқан Қытайда әлемдік автоконцерндер жергілікті тұтынушылардың сұранысына бейімделіп, модельдік қатарын өзгерте бастады. Оған мысал Hyundai Elexio атты жаңа электрокроссовер шығарды. 2025 жылдың көктемінде таныстырылған бұл көлік ерекше дизайны мен Ioniq модельдік қатарына тән заманауи технологиялық платформасы арқылы көзге түсті.
Тек Қытай нарығына арналған модель
Elexio – тек Қытай нарығына арналған эксклюзивті модель. Бұл Hyundai компаниясының әлемдегі ең ірі автонарықтағы орнын нығайтуға бағытталған стратегиясының бір бөлігі. Қытайда Hyundai-дің Beijing Hyundai сынды бірқатар бірлескен кәсіпорындары бар. Сондықтан жергілікті өндіріс пен тұтынушылардың талғамына қарай бейімдеу логикалық әрі стратегиялық шешім.
Компания бұл модельді басқа елдерге экспорттауды жоспарлап отырған жоқ, сондықтан Elexio – Hyundai модельдерінің арасында ерекше орынға ие.
E-GMP платформасы: Ioniq 5 және Ioniq 6 деңгейіндегі технология
Elexio сыртқы жағынан ерекше болғанымен, оның негізінде заманауи E-GMP (Electric-Global Modular Platform) платформасы жатыр. Бұл Ioniq 5, Ioniq 6 және Kia EV6 модельдеріне ортақ модульдік құрылым. Оның басты артықшылықтары:
- 800 вольтқа дейінгі жылдам қуаттау
- Бір зарядпен 500 км-ге дейінгі жүріс қоры (нақты мәліметтер кейінірек белгілі болады)
- Бір немесе екі электромотормен жабдықтау мүмкіндігі
- Салонның кеңдігі
Яғни, Elexio Қытайға ғана арналса да, технологиялық жағынан жаһандық деңгейдегі электромобильдерден кем түспейді.
Дизайн: футуризм мен премиум элементтердің үйлесімі
Elexio-ның сыртқы дизайны Ioniq модельдерінен мүлде өзгеше. Жаңа электрокроссовердің пішіні жұмыр, сызықтары ағынды, жарықдиодты шамдары пиксель стилінде безендірілген. Шатыры төмен, Жалпы сұлбасы аэроғарыштық стильде, ал радиатор торы жабық – мұның бәрі экологиялық таза көліктің белгісі.
Темір тұлпардың сыртқы дизайны жас буын мен отбасылық аудиторияға бағытталған. Ішкі интерьері әлі толық таныстырылған жоқ, алайда алдын ала деректер бойынша келесі опциялар болуы мүмкін:
- Екі кең экран (аспаптар панелі мен мультимедиа)
- Сенсорлы климат-бақылау жүйесі
- Сымсыз қуаттау панелі
- Панорамалық шатыр және экологиялық таза материалдар
Техникалық сипаттамалар мен электр жүйесі
Өндіруші техникалық мәліметтердің барлығын әлі жариялаған жоқ. Дегенмен бейресми ақпарат бойынша, базалық нұсқасында:
- Артқы жетекпен жұмыс істейтін бір электромотор (220 ат күші шамасындар
- 58–77 кВт·сағ көлеміндегі аккумулятор
- 0-ден 100 км/сағ-қа дейінгі жылдамдықты шамамен 7 секундта арттырады
- Ең жоғары жылдамдық — 180–190 км/сағ
Алдағы уақытта екі электромотормен жабдықталған, толық жетекті жүйесі бар қуатты нұсқасы да шығуы мүмкін.
Қытай нарығына бейімделу
Оңтүстік Кореялық компания Қытайдағы тұтынушылардың ерекшеліктерін ескеріп, келесі бағыттар бойынша да бейімделу жұмыстарын жүргізді:
- Жергілікті қуаттау инфрақұрылымымен үйлесімділік
- Қытай тіліндегі дауыстық басқару және навигациялық жүйелер
- Салонды тұтынушыларға ұнайтындай материалдармен әрлеу
- Тиімді баға: шамамен 200–300 мың юань аралығында (28–42 мың АҚШ доллары шамасында)
Бұған қоса, Elexio Қытайдағы «жасыл» көліктерді субсидиялау және салықтық жеңілдіктер бағдарламасына енгізілуі мүмкін.
Бәсекелестері және болашағы
Қытайдағы электр кроссоверлер нарығында бәсекелестік өте жоғары. BYD Atto 3, Aion V, Nio ES6, XPeng G6 сынды жергілікті брендтермен қатар, Tesla мен Volkswagen сияқты әлемдік алпауыттар да бар.
Hyundai бұл нарыққа танымал бренд, сенімді платформа және кеңейіп келе жатқан дилерлік желі арқылы кіріп отыр. Егер Elexio баға мен сапа жағынан тиімді шешім ұсына алса, ол өз орнын табатыны сөзсіз.
Бұл жай ғана жаңа көлік емес, бұл Hyundai-дің Қытай нарығындағы жаңа көзқарасын білдіретін жоба. Заманауи технология, ерекше дизайн және жергілікті тұтынушыға бағытталған шешімдердің үйлесімі бұл модельді халыққа қолжетімді, сапалы электрокроссовер ретінде көрсетеді. Енді қалғаны ресми сатылымның басталуы мен нарық бағасын күту.
Еске сала кетсек, бұған дейін Hyundai компаниясының ең арзан көліктеріне шолу жасаған едік. Кореялық марка баға мен сапа жағынан тұтынушылар талғамы мен талабына сай авто модельдерінің кең қатарын ұсынады.
Сонымен қатар көрейлік автоалпауыттар Қытайдан кейін электрокөлік өндірісін күшейтті.