Қолдан жасалған дәрменсіздік феномені: онымен қалай күресеміз

Кей адамдар қолынан ештеңе келмейді деп ойлап, соған қатты сеніп кетеді. Яғни жағдайды өзгерте алатын болса да, тырыспайды. Мұндай феноменді «қолдан жасалған дәрменсіздік» деп атайды. Бойыңызда мұндай феномен бар-жоғын қалай анықтауға болады? Егер болса, онымен қалай күресеміз? Бүгінгі материалымызда осы туралы айтамыз.
Қолдан жасалған дәрменсіздік деген не?
Аталған феноменді тұңғыш рет Мартин Селигман және Стивен Майер есімді психологтар зерттеген. 1967 жылы жасалған тәжірибеде ғалымдар мына нәрсені байқайды: ток ұрғанда бір рет қашып құтылып үлгермеген иттер келесіде қаша алатын болса да қашуға тырыспайтын болып қалады екен. Осыдан соң мұндай нәрсе адамдарда да бола ма деп тексеріп көрмек болады. Яғни адам бірнеше рет бір жағдайға тап болып, қиналып қалса, келесіде әлденені өзгертуге тырыспайтын болып қалады деседі.
Қолдан жасалған дәрменсіздік түрлері:
- Ұзақ уақыт бойы жайсыз ортада жүріп қалғандар. Әсіресе, жұптар арасында осы нәрсе жиі кездеседі. Бұдан жақсысы кезіге қоймас деген оймен көніп, шыдап жүре береді.
- Осыған дейін бірнеше рет талпынып көрген, бірақ жолы болмаған. мұнда кезде де адам енді тырысудың мәні жоқ деп ойлайды. Мысалы, жұмыста не оқуда жолы болмағандар.
- Қаржылай қиындықтан шыға алмай жүргендер. Олар жағдайды жақсарту мүмкін емес деп ойлап алады. Сондықтан өзгертуге тырыспайды да.
Бұл феноменді қалай анықтаймыз?
Қолдан жасалған дәрменсіздіктің басты белгілері мынадай болады:
- Ойы далада жүреді, үнемі пассив әрі апатияда болады. Шешім қабылдаудан қашқақтап, еш іс-әрекет жасамайды.
- Ештеңеге қызықпайды. Жаңа нәрсені байқап көруге құлшынысы жоқ. Алға қойған мақсаты да жоқ.
- Өзін байғұс сезінеді. Қолынан ештеңе келмейтін, дәрменсіз адаммын деп ойлап алады. Бұл өмірде жақсы нәрсеге лайық емеспін деп ойлайды.
- Эмоциялық тұрғыда қажып кетеді. Үнемі шаршау сезінеді, әлі құрып жүреді. Энергиясы болмайды.
- Өз-өзін төмен бағалайды. Өзі жайлы негатив ойларды қабылдап, әбден соған сеніп кетеді. Соны шын көреді.
Адамдар дәрменсіздік қақпанына қалай түсіп қалады?
Оған бірнеше нәрсе себеп болуы мүмкін. Айталық:
- Ауыр жағдайлар. Жақындары қайтқанда, дертке шалдыққанда, ажырасқанда, жұмыстан шығып қалғанда адамды көбіне осы дәрменсіздік күйі билейді.
- Қолдау таппаған кездерде. Егер адам жақындарының тарапынан қолдау алмаса, тығырықтан қалай шығарын білмесе, «онда мен нағыз дәрменсіз екенмін» деп сене бастайды.
- Қалыптасып қалған түсінік. Кейде әлдебір түсініктер бала кезден миға сіңіп қалады. «Мынаны істей алмайсың», «Қолыңнан келмейді» дегендей сөздердің де болашақта адамның іс бастай алмауына себеп болуы мүмкін.
- Мәдениет және қоғам. Кей ортада «тағдырың осы» деп қабылдай беруге шақырады.
Қолдан жасалған дәрменсіздікпен қалай күресуге болады?
- Проблема барын мойындап, қабылдаудан бастаңыз.
Ең алғашқы қадам — қолдан жасалған дәрменсіз күйде жүргеніңізді мойындаңыз. Сәтсіздіктерге реакцияларыңызға талдау жасаңыз. Содан соң қалыптасқан ұстанымдарды сыни тұрғыда қайта қарап шығыңыз. - Аз-аздан бастау керек.
Бірден бәрін төңкеріп тастаймын деп ойламаңыз. Алдымен кішігірім қадамдар жасаңыз. Жаңа бір нәрсе жасаңыз, оңай жетуге болатын мақсат қойыңыз. Жеткен сайын «жеттім» деп белгілеп отырыңыз. - Орта ауыстырыңыз.
Егер айналаңыз сізге үнемі дәрменсіз деп бетке салық қылып баса беретін болса, онда сізді қолдайтын, шабыт беретін адамдармен тіл табысуға тырысыңыз. - Когнитив терапия жасап көріңіз.
Психологпен жұмыс істесеңіз, ұстанымдарыңызды өзгертіп, позитивке ауыстыруға көмектеседі. - Кері байланыс техникасы.
Кішігірім болсын жетістіктерді тізіп жазып жүруді әдетке айналдырыңыз. Жетістіктер жазылатын күнделігіңіз болсын. Сонда сіз алға жылжып жатқаныңызды көріп, сезіп отырасыз. Ал ол сіздің өзіңізге деген сенімділігіңізді арттыруға көмектеседі. - Физикалық белсенділік.
Спорттың арқасында эндорфин жақсы бөлінеді. Сонда көңіл-күй көтеріледі. Стреспен жақсы күресесіз.
Қолмен жасалған дәрменсіздікке қарсы техникалар үлгісі
- Позитив ой техникасы. Күнде өзіңіз жақсы істеген үш нәрсені жазып жүріңіз. Қолыңыздан келетінін білген сайын өзгеруге деген құлшыныс арта түседі.
- «Істеп көрсем қалай?» техникасы: Үнемі «Істей алмаймын» дей бермей, оның орнына «істем көрсем қалай?» деп ойлап үйреніңіз.
- «Қазір не істей аламын?» тәсілі: осының арқасында дәл қазір не істеуге болатынын ойластырып, әрекет етуге болады.
Түйін
Қолдан жасалған дәрменсіздікті түбегейлі жоюға болады. Ол сізбен өмір бақи қалатын қасиет емес. Ол жай ғана уақытша күй. Оны өзгерту — өз қолыңызда. Бастысы, проблема барын мойындап, соны реттеу үшін қадам жасауға кірісіңіз. Біртіндеп әрекет еткен сайын кішігірім жеңістің өзі сізге мол шабыт сыйлайды. Соның арқасында өзіңізге деген сенім артады.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін өмірді кейінге қалдыра беретін синдром туралы жазған едік.