Жаңалықтар

Желідегі хейтке қарсы тұратын иммунитет қалыптастыру жолдары

Желідегі хейтке қарсы тұру жолдары/Фото: 1prof.by

Әлеуметтік желіде негатив көп жазылады, көп айтылады. Оны көтере білу екінің бірінің қолынан келмеуі мүмкін. Психикалық тұрғыдан ұстамды, жеке шекарасына басқаларды аттап өткізбейтін, онлайн жазылған хейтке қарсы тұра алатын мінезді қалай қалыптастыруға болады? Жан-жақтан қысым жасалып жатқанда да өзіңізді ұстап үйренгіңіз келе ме? Бір жағынан жақындармен сөйлесіп, аман-саулық сұрасуға көмектесетін әлеуметтік желінің екінші ұшы сол — негатив көп. Демек, таяқтың екі ұшы бар. Сын көп, негатив пікір тола, токсик ортада өзіңізге деген сенімділікті жоғалтпай, хейтке қарсы иммунитет қалыптастырудың жолдарын үйрететін нұсқаулық дайындап қойдық. Бүгінгі материалымызда стратегиялар мен кеңестер айтамыз.

Әлеуметтік желідегі негатив неге адамға қатты әсер етеді?

  • Анонимдік. Адамдар экранның ар жағында отырған кім екенін білмейді деп ойына келгенін жаза береді. Кім екенімді анықтай алмайды, жазаланбаймын деген ой да бар. Сол үшін агрессиясын аяусыз шығарады.
  • Әркім әрқалай қабылдайды. Виртуал әңгіме кезінде бейвербал сигнал жоқ. Сондықтан негатив сөзді кей адамдар жүрегіне тым жақын қабылдап қоюы мүмкін. Болмаса, жазып отырған адам жамандық жеткізіп жатқанын сезбеуі мүмкін.
  • Қоғамдық пікірдің ықпалы жоғары. Әсіресе, негатив пікірлер көбіне назарға ілінеді.
  • Жанды жерге тиіп кетеді. Сынды әркім әртүрлі қабылдайтыны белгілі. Біреу көтере алмай, соның кесірінен қатты күйзеліп кетуі мүмкін.

Сын болсын, шын сын болсын: дұрыс сынды қалай ажыратуға болады?

Кез келген сынға төзімді болып үйрену үшін алдымен ол сынның түрін ажырата білу керек.

  • Конструктив сын: айтылған сөздің арқасында дамуға, түзелуге болады. Ішінде ұсыныс пен ескерту қатар жүреді.
  • Токсик сын: адамды кемсітіп, шымбайына тиіп жазылады. Жеке басына тиіседі.

Мұндайда не істеу керек:

  • Конструктив яки шын сын айтылса, рақмет айтыңыз. Айтқанынан қалай нәтиже шығаруға болатынын ойластырыңыз.
  • Токсик сын келсе, мән бермеңіз. Жазған адамды блоктап тастаңыз. Ұрсысып, жаға жыртысудың керегі жоқ.

Негативке төтеп беруді үйрететін стратегиялар

Эмоцияны ұстап үйреніңіз

  • 4-7-8 деген тыныс жаттығуын жасаңыз: 4 деген кезде тыныс алыңыз, 7 дегенде ұстап тұрыңыз, 8 дегенде ауаны жіберіңіз. Стресті азайту үшін осы жаттығуды бірнеше рет жасаңыз.
  • Журналиң: сезімдеріңізді, әсіресе, әлдебір негативпен бетпе-бет келгенде ойыңызды түртіп алуды әдетке айналдырыңыз. Сонда миыңыз тазарып, мәселені жан-жақты саралай аласыз.
  • Жетістіктер күнделігі: жеткен жетістіктеріңізді жіпке тізгендей жазып қойыңыз. Көңіл-күйіңіз жоқ кезде соны қарап, шабыт алсаңыз болады.

Контентке фильтр жасаңыз

  • Стоп-сөздер тізімін жасап қойыңыз. Әлеуметтік желілерде ұнамсыз, жеке басқа тиетін сөздер мен сөз тіркестерін реттеп қоюға болады. Сол сөзді біреу сізге жазуға тырысса да, жаза алмай қалады. Сондай арнайы баптау бар.
  • Хабарламаларды реттеңіз. Негатив көп жазылуы мүмкін деген постардың астына жазылатын пікірлер туралы хабарлама қайта-қайта келе бермейтіндей баптап қойыңыз. Өзіңізді басы-артық күйзелістен сақтайсыз. Әйтпесе, әр пікірді көрген сайын өзіңіз уайымдайсыз.
  • Акканутты жауып қойыңыз. Негатив көп жазыла бермесін десеңіз, приват қылып тастаңыз. Болмаса, белгілі бір оқырман ғана пікір жаза алатын қылып реттеп қойсаңыз болады.

Сыни ойлау қабілетін қосыңыз

  • Негативтің бәрін жүрекке жақын қабылдай бермеңіз. Көбіне токсик пікір жазатындар сіз емес, өзі туралы айтып жатқан болып шығады.
  • Сын айтқан адамның кім екеніне қараңыз. Оның осы тақырыпта сын айтатын реті бар ма? Айтқан сөзінің салмағы бар ма?
  • Іштей диалог құрып үйреніңіз. Өзіңізге «Бұл жағдайда мен не істей аламын?», «Неге бұл сөз маған ауыр әсер етті?» дегендей сауалдар қойыңыз. Анализ жасаған өзіңізге жақсы көмектеседі. Бірақ тереңдеп кетіп, жоқ нәрсені бар қылып алмаңыз.

Хейтке қалай жауап беру керек?

Негатив пікірге жауап берудің бірнеше жолы бар. Мысалы:

  • Игнор: троллиң жасалса, не арандатып жатқанда ең абзалы осы. Мән бермеңіз. Үндемеңіз.
  • Жаймен жауап беріңіз: «Пікір білдіргеніңізге рақмет. Ескеремін».
  • Жекеде сөйлесуге шақырыңыз: егер дұрыс сын айтылып жатса, онда егжей-тегжейін жекеде сөйлесейік деп ұсыныс жасаңыз.
  • Диалог жасамаңыз: егер пікірде агрессия басым болса, қолданушыны бұғаттап тастаңыз немесе пікірін өшіріп тастаңыз.

Негативті жақындар айтатын болса, не істеу керек?

  • Жеке шекара мәселесін реттеп алыңыз. Жақындарыңызға қай тақырыпта сөйлескіңіз келмейтінін түсіндіріп айтыңыз.
  • Шектеу қойыңыз. Пікірлерде қай жеке тақырыптарды талқылауға болмайтынын алдын-ала шешіп алыңыздар.
  • Нейтрал позицияны ұстаныңыз. Эмоцияға берілем деп ішкі тыныштығыңызды шайқап алмаңыз.

Әлеуметтік желіде жеке шекараны қалай шегендейміз?

  • Шекара қою үшін:
    • Профайлыңызға «негатив пікірлерге жауап бермеймін» деген сыңайлы сөз жазып қойсаңыз болады.
    • Бейтаныс адамдардан келетін хаттар автомат түрде өңделіп тұратын автожауап функциясын қолданыңыз.
  • Контент саясатын бекітіп алыңыз:
    • Оқырмандарға арнап ережелер бекітіп алсаңыз болады.
    • Біреуді тілдейтін, жеке басына өткен пікірлерді өшіріп тастайтыныңызды ескертіңіз.

Ұстамды болуға көмектесетін жаттығулар

  • «Үш ауыз сөз» жаттығуы. Әлдебір негатив пікір оқыған соң, өзіңіз туралы үш жақсы сөз жазыңыз. Кез келген позитив нәрсе жазсаңыз болады.
  • Қалқан: Өзіңізді қалқан киіп алған адаммын деп елестетіңіз. Осылайша хейт пікір сөзге өтпейді деп сеніңіз.
  • Айна техникасы: «Бұлар мен туралы айтып жатқан жоқ. Өздері туралы айтып жатыр» деп қайталаңыз.

Қай кезде маманға жүгіну керек?

Егер негатив пікірлердің кесірінен ұйқыңыз бұзылып, қол-аяғыңыз тартылып, бойыңызды мазасыздық билесе, онда психологқа барғаныңыз абзал. Маман сізге стратегия құруға көмектесіп, ұстамды болуды үйретеді. Есіңізде болсын: біреудің сөзі сізді қайғыртпауға тиіс. Басқалардың пікірін жүрекке жақын ала бермеңіз. Сынды қалай қабылдауды қашан да өзіңіз шешесіз.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін қалай әлеуметтік желіден демалуға болатыны туралы жазған едік.