Қазақстанда Аналар күні тойланып жатыр

Қазақстанда Аналар күні атап өтіліп жатыр. Бұл мереке елімізде бұған дейін қыркүйек айында атап өтілетін.
Үкіметтің 2023 жылғы 31 мамырдағы қаулысына сәйкес бұл мерекенің датасы қыркүйектен мамырдың екінші жексенбісіне ауыстырылған. Биыл бұл күн 11 мамырға сай келді.
«Отбасылық құндылықтарды насихаттау, отбасы институтын және тәрбиені нығайту мақсатында көптеген елде тойланатын Ана күні мен Әке күні біздің елде де ресми мереке ретінде бекітілді», – деп жазылған Қазақстан Үкіметінің 2023 жылғы хабарламасында.
Айта кетейік, әлемде Аналар күнін атап өту тарихы 100 жылдан асады және көптеген елдерде ресми мәртебе беріліп, мемлекеттік деңгейде тойланады.
Ал, әкелер күні бір айдан кейін – маусым айының үшінші жексенбісінде тойланады.
Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев аналар күнінде ата-анасымен түскен балалық шағындағы суретін жариялады. Сондай-ақ анасы Тұрар Шабарбаеваның өмірі туралы естелігімен бөлісті.