
Елімізде 30 жасқа дейінгі әрбір үшінші ер азаматтың банк депозиті бар. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКҚ) маркетингтік және әлеуметтанулық зерттеулер институты «Elim»-мен бірлесіп жүргізген әлеуметтанулық зерттеу негізінде қазақстандық ер азаматтардың қаржы мен жинақтарға деген көзқарасын талдады.
Зерттеу барысында 4 000 респондент сұралған, оның ішінде 2 020-сы – 18 бен 65 жас аралығындағы ер адамдар.
Респонденттердің 80%-ы отбасылы, 88%-ының жоғары білімі немесе ғылыми дәрежесі бар.
Мамандықтар мен салалар бойынша
Респонденттердің 37%-ы кәсіпкерлер немесе қызмет көрсету саласында, саудада жұмыс істейді.
- 22%-ы нақты секторда: өндіріс, көлік, байланыс, құрылыс, ауыл шаруашылығында;
- 7% – ғылым, білім, мәдениет саласында;
- 6% – экономистер мен қаржыгерлер;
- 5% – IT саласының мамандары;
- 2% – мемлекеттік басқару саласында;
- 2% – әскери қызметкерлер немесе құқық саласында, оның төрттен бірі – 30 жасқа дейінгі жастар.
Депозиттер қандай мақсатта ашылған (топ-5):
1. Қиын жағдайларға арналған қаржы қоры – 52%;
2. Тұрғын үй немесе көлік сатып алу – 16%;
3. Бизнес ашу – 5%;
4. Пассивті табыс көзін қалыптастыру – 5%;
5. Оқу ақысын төлеу – 4%.
Респонденттердің 45%-ы депозит ашқан кезде пайыздық мөлшерлемеге назар аударатынын көрсеткен. Ал 31%-ы ақшаны шешіп алу және толтыру ыңғайлылығына мән берсе, 29%-ы банктің беделіне қарайды. Респонденттердің 19%-ы үшін ыңғайлы мобильді банкинг маңызды екенін атап өтті.